Спорт

«Қызылжар-2022» фестивалі өтті

Қызылжар-2022. Демалыс күндері Шал ақын ауданында ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық фестиваль өтті. Барлығы – 12 спорт түрінен 700-ге жуық спортшы бақ сынасты. Ойындардың барлығы дерлік бір мезетте өтті. Күрестің өзіне 85 палуан қатысқалы отыр.

ЕСЛЯМБЕК БЕКМУРЗИН, қазақ күресі бойынша бас төреші:
– Мықты деген балалар қатысып жатыр. Облысымыздың құрама командасының мүшелері. Республикалық жеңімпаздар, спорт шеберлері күресіп жатыр. Мықты деген палуандар. Өз аудандарының намысын қорғап жатыр.

Бозкілемде алғашқылардың бірі болып шалақындық Әділ Қайыров пен қызылжарлық Арманбек Арыстанов белдесті. Қос жігіттің кездесуі ешкімді бейжай қалдырмады. Тартысты сында Әділ Қайыров жеңіске жетті.

ӘДІЛ ҚАЙЫРОВ, Шал ақын ауданының тұрғыны:
–  Аудан намысын қорғау үшін қатыстым. 100 келі салмақта. Жекпе-жек жақсы. Ешқандай қарсылас жаман болмайды. Күреспейдін адамдар келмейді ғой. Сол себепті, бәрі жақсы болды. Қарсылас та мықты болды.

Қарсыласын жеңгендердің тағы бірі – Елдар Жанабаев. Есіл ауданының тумасы қазақ күресімен 7 жыл бойы айналысып келеді.

ЕЛДАР ЖАНАБАЕВ, Есіл ауданының тұрғыны:
– Қарсыластар мықты болды, шыны керек. Өзім ересектер арасында бірінші рет шығып тұрмын мұндай жарысқа. 3 схватка күрестім.

САМАЛ ЖҮНІСОВА, тілші:
– Ал мына жерде қызу дода өтуде. Қатысушылар ұлттық ойын көкпардан жарысып жатыр. Барлығы 11 команда бар. Қазір алаңға Жамбыл мен Шал ақын аудандарының спортшылары шықты.

Көкпардан сынға түскен 11 команданың бірі – Уәлиханов ауданының құрамасы. Бір ерекшелігі – топтағы 10 адамның барлығы бір-біріне бауырлас болып келеді екен.
Абылайхан Махатовтың айтуынша әкелері бұл спортқа бала кезінен баулыған.

АБЫЛАЙХАН МАХАТОВ, Уәлиханов ауданының тұрғыны:
–  Ойнап жүргенімізге біраз болды. Тренеріміз Рамазан Махатов бізді баптап, аудандық ойындарға қатыстырып, бізді үлкен дәрежеге жеткізді. Барлығы – сол кісінің арқасы. Командамызда қазір 10 адам бар. Бәріміз туысқанбыз, бауырлармыз.

РАМАЗАН МАХАТОВ, көкпар ойындары бойынша бас төреші:
– Бүгінде көкпар қай ауданда болмасын дамып келе жатыр. Рахметімізді айтамыз әр ауданның өкілдеріне, шабандоздарына. Көкпар клубы ашылды. Мектебіміз бар. Жаттықтырушылар бар. Осы аудандарда жұмыс істеп жатыр. Ақырын-ақырын көкпарымыз дамып келе жатыр.

Кешкісін фестивальдің ашылу салтанаты өтті. Алаңға қолдарында түрлі түсті шар ұстаған аудан өкілдері шығып жатыр. Әр құраманың сапында өңіріміздің намысын ел және әлем біріншіліктерінде қорғап жүргендер де бар. Облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов ұлттық спорттың дамуына тоқталып өтті.

ҒАНИ НЫҒЫМЕТОВ, СҚО әкімінің орынбасары:
–  Шал ақын жерінде осындай үлкен спорт мерекесі өтіп жатыр. Сіздерді өз атымнан және Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан осы ұлттық спорт түрлерінен облыстық чемпионаттың ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Ұлттық спорт түрлерін дамыту – біздің облысымыздың үлкен мақсаттарының бірі. Бұл ұлттық спорттар бізге керек, елімізге керек.

Жалпы, фестиваль қорытындысы бойынша ұлттық спорт түрлерінен Шал ақын ауданының командасы чемпион атанды. Екінші орынды – ақжарлықтар, ал үшінші орынды қызылжарлықтар иеленді.


Самал Жунусова