МТРА жаңалықтары

Қызылжар ауданы әкімінің есебі

Бескөлде салынып жатқан 5 қабатты үй келесі жылы тапсырылады. Бұл туралы Қызылжар ауданының әкімі Жанат Сәдуақасов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде айтты.
Құрылысы өткен жылы бастау алған баспана 50 пәтерлі. Пәтерлер үй кезегінде тұрған аудан тұрғындарына беріледі. Биыл осындай нысанның тағы біреуінің құрылысын бастау жоспарланып отыр.

Жанат Сәдуақасов, Қызылжар ауданының әкімі:
– Осы жұмыстардың нәтижесінде үй кезегінде тұрған азаматтардың 15 пайызы баспанамен қамтылады. Сондай-ақ, ауданда жұмыс күші басым өңірлерден келген жандар үшін де үйлер салынып жатыр. Үй салу ісімен бірге жол жағдайын жақсарту жұмысы жүргізілуде. Соңғы 4 жылда біз 200 шақырымнан астам аралықты қалыпқа келтірдік. Биыл 5 ауылдың көшесі дұрысталып, 9 ауылға кіреберіс жол жөнделеді.

Жанат Сәдуақасовтың сөзіне сенсек, қызылжарлықтардың 60 пайызы орталықтандырылған таза ауызсумен қамтылған. Ал Якорь, Виноградовка мен Пеньково ауылдарының тұрғындары сапалы тіршілік нәрінен тарлық көріп отыр. Елді мекендерде су бар, бірақ соның өзі белгілі бір уақыт аралығында ғана беріледі. Аптап ыстықта судың берекесін көре алмай отырған ағайын аудандық әкімдіктің табалдырығын талай тоздырған. Жанат Сәдуақасов мәселенің шешімі менің қолымда емес дегенге келтірді.

Жанат Сәдуақасов, Қызылжар ауданының әкімі:
– Аталған ауылдарда туындаған мәселе Су ресурстары комитетінің құзырына кіреді. Қазіргі таңда бұл ведомствода Соколов топтық су құбырын қайта құру жобасы негізге алынған. Жобаға Қызылжар ауданынан 14 елді мекен кіреді.

Яғни, жаңа айтылған үш ауыл осы жобаға енген көрінеді. Бірақ, тағы мәселенің нақты қашан шешілетіні белгісіз. Сан салаға қысқа ғана тоқталған аудан әкімі бар айтарын тек бір тілде жеткізді. Айтуынша, ауданда сүтті және етті мал шаруашылығы бағыты жақсы дамып келе жатыр екен. Ауданда 18 тауарлы-сүт фермасы жұмыс істеп тұр. Оның 5-уі соңғы 4 жылда іске қосылған. Алдағы уақытта тағы 4 бірдей кешен тұрғызу жоспарланып отыр. Төртеуін іске қосудың нәтижесінде 90-нан астам жаңа жұмыс орны құрылады.

Дана Ешкенова