МТРА жаңалықтары

Шен таққан нәзікжанды

Ксения Ищенконың құқық қорғау органдарында қызмет етіп жүргеніне 10 жылға жуықтайды. Қарағандыдағы жоғары оқу орнының түлегі қалалық полиция басқармасында учаскелік полиция инспекторларының жұмысын бақылап, бағыт-бағдар берумен айналысады. Айтуынша, қызметі өзіне ұнайды әрі оны мақтанышпен атқарады.

Ксения Ищенко, қалалық ПБ ЖПҚБ бөлімше бастығы:
– Учаскелік полиция инспекторларының негізгі міндеті – қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу. Полицейлік қызметтің бұл түрінде нәзікжандылар жоқ. Барлығы – ер адамдар. Жалпы, мамандар өз ісіне жауапкершілікпен қарайды. Олармен әрдайым ақылдаса отырып бірге шешім қабылдаймыз. 

Еңбекқорлығы мен жұмысына деген сүйіспеншілігінің арқасында Ксенияның еңбегі әріптестерінің тарапынан еленіп жатыр. Мамандар ол өз міндетін тиянақтылықпен орындайды дейді.

Сейілбек Елжасов, қалалық ПБ ЖПҚБ бастығының орынбасары:
-Өзінің қызметіне адал, тиянақты жасайды. Қызметте, ең бастысы, заңға жүгініп атқарады. Қызметте әрқашан алда.

Шен таққан нәзікжанды өзін әрдайым жан-жақты дамытқанды жөн көреді. Бос уақытында заң психологиясы мен классикалық жанрдағы кітап оқиды.
Ксения Ищенко Қазақстан полициясы құрылған жылы дүниеге келген. Қазір бұл салада өңірде Ксениямен құрдас 90-ға маман еңбек етіп жүр.

Бердимурат Баймухан