Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі “CLAAS” зауытының өкілдерімен кездесті

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов “CLAAS” компаниясының құрылтайшыларымен кездесті. Жиын барысында аймақ басшысы неміс делегациясының өкілдерімен ынтымақтастық аясында атқарылған шаруаны қорытындылады. Мәселен, былтыр жергілікті кәсіпорында 92 комбайн жиналды, ал биылғы меже 220 техниканы құрайды. Атап айтсақ, 126 комбайн, 65 трактор мен 29 егіс кешені. Солтүстікқазақстандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жергілікті жерде құрастырылған көліктердің сапасы ұнады деді Құмар Ақсақалов. Айтуынша, серіктестік басшыларының арасында өз техникасын толықтай жаңартқандар да бар екен.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Бірінші жыл сәтті өтті. Бізде жиналған шетелдік көліктерге сұраныс жоғары. Биыл солтүстікқазақстандық тауар өндірушілер тракторлар мен егіс кешендеріне көптеп тапсырыс беріп жатыр. Техникалар тұқымды тыңайтқышпен бірге сіңіре алады екен. Бұл – жақсы әдіс. Қазір өз нәтижесін беріп жатыр.

Шетелдік делегация мүшелері өз кезегінде солтүстікқазақстандықтарға алғыстарын айтып, арадағы әріптестікті ары қарайда да жалғастыратындықтарын жеткізді.

ПИТЕР АНДЕРСОН, “CLAAS” компаниясының Шығыс Еуропадағы сату жөніндегі вице-президенті:
– Келіп отырған делегация мүшелерінің қатары қалың. Осындағы мамандардың барлығы сіздермен алдағы уақытта жұмыстарын жалғастыра бергісі келеді. Біз техника құрастыру қауқарының артқанын қалаймыз. Қазіргі уақытта зауыттың күші оған толықтай жетеді.

Қос тарап сервистік орталықты дамыту мәселесін де талқылады. Мамандардың сөзінше келесі жылы қазақстандықтар үшін қолжетімді қызмет көрсететін 23 нысан ашылмақ. Ал Құмар Ақсақалов болса мұндай орталықтарда техника сатудан бөлек, аграрийлерге көлікті басқарудың қыр-сырын үйрететін қызмет болуы қажет дейді.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Фермерлерге шетелдік техникамен қалай жұмыс істеу қажет екенін үйреткен жөн. Сонымен қатар, оны жөндеу бойынша да ақыл-кеңес берсе жақсы болар еді.

Аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың сөзінше жыл сайын облысымыздағы ауылшаруашылығы техникаларын 6 пайызға жаңартып отыру керек екен. Мәселен, былтыр өңірдегі трактор мен комбайндардың 4,7 пайызы жаңартылған, бұл – шамамен 2,5 мың бірлік көлік.

Бердимурат Баймухан