МТРА жаңалықтары

“Коммунхоз” кәсіпорны бизнесмендерге 500 млн теңге қарыз

Қарызға белшесінен батқан! Петропавл әкімдігіне қарайтын “Коммунхоз” кәсіпорнына қатысты 18 атқарушылық іс қозғалды. Бұл жайында жергілікті «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында өткен кездесу барысында айтылды.

Бүгінде ұйымның бизнес субъектілері алдындағы жалпы қарызы 500 млн теңгеден асып жығылады. Басы дауға қалған мекеме 30-ға жуық кәсіпкерге берешек. Тізімде Амбарцум Искандарян да бар. Іскер жанның жеке кәсіпкерлігі 2020-2021-ші жылдары “Коммунхоз” кәсіпорнымен келісімге келіп, қаланың бас көшелерін ақұлпадан тазалаған және қарды шаһар сыртына шағарған екен. Қауырт маусымда жұмыс толық көлемде атқарылыпты. Алайда, азаматтың қолына қызмет ақысы әлі күнге дейін тимепті.

 АМБАРЦУМ ИСКАНДАРЯН,  кәсіпкер:
– “Коммунхоз” кәсіпорны бастапқыда менің компанияма 91 млн 700 мың теңге қарыз болды. Ақшаны уақытылы төлемегеннен кейін біз ұйым басшылығына бірнеше рет шағым жібердік. Олар жағдайды қалалық ТҮКШ бөлімінен қаржы бөлінген жоқ, күте тұрыңыздар деп түсіндірді. Сөйтіп, уақыт тағы созылды. Ақыры өткен жылдың маусым айында қарыздарының 10 млн теңгесін ғана өтеді. Қалған 81 млн әлі ала алмай жүрміз. “Коммунхоз”-дың кесірінен мен қарызға баттым. Үйімді сатып, жұмысшыларға жалақы төлеуге мәжбүр болдым.

“Коммунхоз”-бен келісім жасасып, сан соғып қалған кәсіпкерлердің тағы бірі – Александр Ушаков. 2020 жылы бизнесменнің кәсіпкерлігі Жаңа жыл мерекесі қарсаңында бүкіл қаланы безендірген. Ол үшін іскер жан кетпектей 43 млн теңге жұмсапты.

АЛЕКСАНДР УШАКОВ, кәсіпкер:
– 2020 жылы біз коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынмен қаланы абаттандыру бойынша келісім жасастық. “Коммунхоз” басшысы сол кезде маған төлемнің тек жартысын ғана өтеді. Қалған жартысын әлі ала алмай жүрмін. Осы іске қатысты сот отырысы да өтті. Сот мені жәбірленуші тарап деп танып, “Коммунхоз” қалған 16,5 млн теңгені төлеуге міндеттелді. Алайда, сот орындаушысы бұл соманы өндіріп ала алмай отыр. Себебі, ұйымның шотында 1 тиын да жоқ.

Кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап беріп, мәселенің мән-жайын түсіндіру үшін кездесуге “Коммунхоз”-дан ешкім келмеді. Бірақ, жиынға Петропавл қаласы әкімінің міндетін атқарушы Жанболат Батырбеков қатысты. Атқамінердің сөзінше, әкімдік көптің талқысына түскен ұйымның шотына барлық қаржыны аударған. Осы орайда “ақша қайда жұмсалды?” деген сауал туындайды. Алайда, жиын барысында бұл сұраққа жауап табылмады. Әңгіме барысында Жанболат Батырбеков мынандай ұсыныс жасады.

Жанболат Батырбеков, Петропавл қаласы әкімінің міндетін атқарушы:
– Бүгінгі таңда “Коммунхоз” кәсіпорны бизнес субъектілері алдындағы қарызын өтей алмай отыр. Сондықтан, ұйымды банкрот деп тану қажет. Ал қалалық әкімдік заң аясында кәсіпорынның қарызын өтеуге міндетті емес. Себебі, біз қолда бар актілер бойынша төлем жасадық. Қосымша шарттар болған жоқ. Қазір бұл мәселені шешудің амалын дөп басып айта алмаймын.

Егер “Коммунхоз” кәсіпорны банкрот деп танылса, барлық шарттық міндеттемелер қалалық әкімдікке өтеді. Бұлай жасалғанның өзінде
бизнесмендердің көптен күткен қарызы бірден өтелмейтін көрінеді. Себебі, іскер жандар әкімдікке “Коммунхоз”-дың оларға шынымен де берешек екенін дәлелдеуі қажет екен.

Дана Ешкенова