Спорт

Семсерлесуден ел чемпионаты өтіп жатыр

Петропавлда семсерлесуден ҚР чемпионатының салтанатты ашылуы өтті. Қолда – семсер, үстерінде – қорғаныш киімі, ал бастарында – дулыға. Ортада – қызу айқас.

Бәсекелестер қарама-қарсы тұрып бір-бірін спорттық жабдықпен түйреуде. Бұл спорттың ережесі де қатаңдау. Сайысу мерзімі 6 минуттан аспайды. Сайысшының дайын тұруы, кеудеше, қарсы шабуыл және өзге де ережелері бар. Ең бастысы, қарсыласынан бұрын қылышын ерте сермеген ғана жеңіске жете алады.

ЖОЛДАСБЕК ТҰРЛЫБЕКОВ – чемпионаттың бас төрешісі
– Семсерлесудің жекелей және командалық сындары болады. Семсерлесу – жазғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына кіретін спорт түрлерінің бірі. Бұл спорт түрі адамның ептілігін шыңдап, жылдамдығын арттырады.

Бүгін Петропавлға еліміздің түкпір-түкпірінен 130-ға жуық спортшы қатысып жатыр. Барлығы – 10 облыстан келіп отыр. Жарысқа қатысушылардың жас шамасы 8-бен 14-тің аралығында. Алматы қаласының өкілі Сергей Юрченконың айтуынша қарсыласы осал болмаған. Оны өзінің шапшандығының арқасында жеңген.

СЕРГЕЙ ЮРЧЕНКО – чемпионатқа қатысушы, Алматы қаласы
– Семсерлесумен айналысып жүргеніме 5 жылдай болып қалды. Бұған дейінгі жарыстарда 2-3-ші орындарды иеленіп жүрдім. Осы жолы 1-ші орын аламын деген үміттемін. Бұл спорт түрінде шапшаңдық пен ептілік қажет. Тез қимылдап, қарсыласыңа өзіңнің сенімділігің мен күшіңді көрсетуің керек.

Петропавлда маусымның 18-інен бері өтіп жатқан ел чемпионаты 24-інде аяқталады. Үздіктер Азия чемпионатына қатысады. Оның қашан өтетіні әлі белгісіз.