МТРА жаңалықтары

“Бақытты отбасы” бағдарламасы аясында өтініштер қабылдау бастау алды


Қазіргі уақытта солтүстікқазақстандықтар үшін жеке баспана алу оңай емес. Әсіресе, толық емес, көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін қиын. Сол себепті, Отбасы банкі «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламасын қайта іске қосты. Өтініштер маусымның 20-сынан қабылданып жатыр. Мамандардың айтуынша бір күнде 20-ға жуық жанұядан құжаттар келіп түскен.

НИЯЗ НИЯЗБЕКОВ, «Отбасы банк» АҚ СҚОФ маманы:
– «Бақытты отбасы» бағдарламасына үш санаттағы отбасылар қатыса алады. Олар: көпбалалы, толық емес және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп жатқан отбасылар. Бүгінде otbasybank.kz сайтында өтініштер қабылдануда. Барлық қатысушылар өтінішті міндетті түрде осы сайтқа жіберулері қажет. Бұл бағдарлама бойынша бастапқы жарна 10 пайызды құрайды, ал жылдық мөлшерлеме – 2 пайыз.

Несие 19 жылға дейін беріледі. Алайда, бағдарламаға қатысушылар құны 10 млн теңгеден аспайтын баспана ғана ала алады. Бүгінде үйлердің 1 шаршы метрі шамамен 300 мың теңге құрайды екен. Ал өткен жылы Отбасы банкі әкімдікпен жасаған келісім арқылы бұл соманы екі есеге азайтып, салымшылар екі және үш пәтерлі үйлерге ие болған. Биыл да солай болмақ.

НИЯЗ НИЯЗБЕКОВ, «Отбасы банк» АҚ СҚОФ маманы:
– Өткен жылғы клиенттерге«Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында салынған жаңа үйлердің шаршы метрі 160 мың теңгеден сатылды. Биыл өтініштерді шілденің 19-ына дейін қабылдап, қарастырамыз. Кейін бір айға жуық төлем қабілеттілігін растау рәсімі жүргізіледі. Сосын жергілікті атқарушы органдармен сатып алу-сату шартын жасасамыз.

Өткен жылы «Бақытты отбасы» бағдарламасының игілігін 50 отбасы пайдаланды. Олар өздерінің шаңырақтарына ие болды. Ал өзгелері үшін баспана алу мәселесі әлі де өзекті.

блиц
– Петропавлда басқа қалаларға қарағанда жалақылар төмен болса да пәтердің бағасы қымбат, шынын айту керек.
– Пәтер сатып алу әркімнің қолынан келе бермейді. Күйеуім екеуміз де жұмыс істеп жүрміз, алайда, баспана алуға қаражатымыз жоқ.

Облыста биыл қайтала нарықтағы пәтерлердің орташа құны үш айдың ішінде 2,5 пайызға қымбаттаған. Үш бөлмелі пәтердің құны 20 млн теңгеден асады, ал бір бөлмелі пәтер кем дегенде 10 млн теңге тұрады екен.


Самал Жунусова