МТРА жаңалықтары

«Таза қала» акциясы

Пестрое көлінің жағасы. Жағалауда адам да көп, жерде шашылып жатқан қоқыс та аз емес. Пластик бөтелкелер, түрлі пакеттер. Барлығы – осы демалып жатқан адамдардан қалатын дүниелер. Қалалық жастар ресурстық орталығының қызметкерлері бүкіл белсенді жандарды жиып бүгін бұл жерде экоакция өткізді. Шара “Таза қала” деп аталады.

Маржан Қасымбек, қалалық жастар ресурстық орталығының қызметкері
— Бұндай іс-шаралар әр апта сайын өткізіліп тұрады. Шомылу маусымы ашылысымен қалалық саяжайдың қасына келетін адамдардың саны көбейеді, ал олардың кейбіреулері өздерінің артынан қоқыстарын жинамай кетеді. Сол себепті, бүгін жастар жиналып осындай акция өткізіп отырмыз. Мысалы алатын болсақ, бір пакеттің өзінің еруіне 250 жыл керек болады
.

Табиғат жанашырларының сөзінше бұл – айта-айта жауыр болған мәселе. Табиғаттың игілігін пайдаланып, демалуын демалып алып соңынан жинастырып кетпейтіндер көп. Әркім өзінен қалған қалдықты далаға емес қоқыс жәшігіне тастап, қоқыс жәшігі болмағанның өзінде өзімен бірге алып кеткен жағдайда айнала ластанбайды. Жаға ұстатарлығы, көлдің шетінде қолданылған шприцтер де табылған.

Евгений Соловьев, ерікті
– Жергілікті университетте оқимын. Осындай экошара өтеді дегенді естіп қатысуды жөн көрдім. Жас болсам да табиғатты аялаудың қадірін жақсы түсінемін. Адамдарға айтарым, қоршаған ортаға қамқорлықпен қарау қажет, қоқыс шашпау керек.

Жалпы, іс-шара барысында шамамен 25 келілік 56 қап қоқыс жиналды. Оның пластикке толы 20-сы жергілікті қайта өңдеумен айналысатын серіктестіктердің біріне жолданады.