МТРА жаңалықтары

3 жылда аяққа нық тұрған тайыншалық кәсіпкер

Зәуре Тұрлыбаева өз бизнесін осы бір дүңгіршектен бастаған. Нәзікжанды сауда-саттықпен айналысады. Шағын дүкенінде азық-түлік, үйге қажетті тауардың барлығы бар. Ісін ілгерілеткен азаматша мемлекеттің қолдауымен дүкенін ұлғайтып алыпты. Жергілікті тұрғындар тарапынан да сұраныс жоғарылаған. Кәсіпті өркендетуге негіз болған жоба – “Бизнес бастау”.

ЗӘУРЕ ТҰРЛЫБАЕВА, кәсіпкер, Тайынша қаласы:
– Отбасылық табысты ұлғайту қажет болды. Үйім жақын жерде. Осы маңда азық-түлік сататын дүкен болмаған. Содан сауда орталығын ашу үшін 2018 жылы “Бизнес бастау” курстарынан өттім. 6 млн теңге көлемінде несие алдым.

Зәуре Тұрлыбаева енді дүкен жанынан дәмхана ашуды жоспарлап отыр. Нысан дайын. Жақын арада құрал-жабдықтар жеткізіледі. Келушілер саны көп болуы тиіс. Өйткені, дүкен де, дәмхана да көлік көп жүретін жол бойында орналасқан. Қазір Зәуре Тұрлыбаеваның сауда нүктесінде екі адам жұмыс істейді, ал тамақтану орны ашылысымен еңбекпен қамтылушылардың саны арта түседі. Біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін, былтыр “Бизнес бастау” өз жұмысын тоқтатты. Яғни, аталған жоба бойынша өтінім қабылдау түпкілікті тоқтатылды.

ӘСЕЛ САМАРАТОВА, облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы:
– Былтыр өңірімізде “Бизнес бастау” бойынша 922 адам оқытылды. Түлектерге 413 грант пен 321 несие берілді. Мемлекеттен ұсынылған ақшаның жалпы көлемі 1 млрд теңгеден асып жығылады. Ал жоба жұмыс істеген 5 жыл ішінде 8 мыңға тарта жан білім алды. Бүгінде оның 3 мыңға жуығы кәсіпкерлік саласында жұмыс істеп жатыр.

“Бизнес бастау”-дың орнын Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба басты. Оны жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырмақ. Тың бастаманың негізгі ерекшелігі – грандтың тек жастарға және әлеуметтік аз қамтылған жандарға берілуі. Тағы, биыл гранттың көлемі 400 АЕК құрайды.

Байболат Култанов