МТРА жаңалықтары

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол жоқ

Сүйіп қосылған жары 16 жыл бойы күш көрсетіп, ұрып-соққан.

Екі ай бұрын 32 жастағы келіншек кәмелетке толмаған 2 қызын алып, үйден кетіп қалған. Ажырасуға бел буған нәзікжандының айтуынша жолдасы күнделікті ұрыс шығарып, отбасының әбден шырқын бұзған. Барар жері, басар тауы қалмаған келіншек әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау орталығына жүгінген.

ЛЮФТ
Әйелдер осындай қиын жағдайға түскенде қорықпай, осындай орталықтарға жүгіну керек. Бұл жерде тыныш, күйеуден зорлық-зомбылық жоқ. 

Өкінішке қарай, статистика көрсетіп отырғандай, өңірде жанжалқой күйеулерінен қорлық көретін әйелдер аз емес. Сондықтан, полиция қызметкерлері отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында маусымның 13-інен «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» атты республикалық акция өткізіп жатыр. Іс-шара барысында тәртіп сақшылары нәзікжандыларға проблеманы жасырмай, тиісті мамандарға жүгінудің маңыздылығын түсіндіруде.

Әсия Абжанова, СҚО ПД ЖПҚБ аға инспекторы:
– 5 жыл бұрын СҚО-да тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен жандарға арналып орталық ашылды. Бұл жерде нәзікжандыларға әлеуметтік-психологиялық және заңгерлік көмек көрсетіледі. Уақытқа келсек, үйінде жәбір көрген адамдар бұл орталықты 6 ай паналай алады. Жалпы, жыл басынан бері мұнда 42 адам орналастырылған. Араларында кәмелетке толмаған балалар да бар.

Мамандар жыл басынан бері жанұяның берекесін қашырған 1300-ге жуық адамға қатысты ұйғарым шығарған. Ал бірнеше рет ереже бұзған 77 жан әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Дана Ешкенова