МТРА жаңалықтары

Петропавлда сот қызметкерлерінің Даңқ аллеясы ашылды

Ер есімі – ел есінде. Бүгін Петропавлдағы Жеңіс саябағында сот қызметкерлерінің Даңқ аллеясы ашылды. Саябақ Ұлы Отан соғысына қатысқан сот қызметкерлеріне арналған. Өңірдің сот саласында 17 ардагер еңбек еткен екен. Бұл іс-шара алдағы Судья және сот қызметкері күніне орайластырылып отыр. Еске сала кетейік, аталған дата биылдан бастап елімізде маусымның 24-і күні аталып өтіледі.

ЕРБОЛ ЖАНҒАЗИН, облыстық соттың төрағасы

– Бүгін осы келмеске кеткен Кеңес одағынан кейін бодандық бұғауынан шығып, еліміз мемлекет болғалы тарихымызда бірінші рет сот қызметкерлері күні боп бекітілді. Сол себепті, облыстың судьялары және сот жүйесінің қызметкерлерінің ат салысуымен соғысқа қатысқан ардагерлерді еске алу аллеясы ашылмақ.

Аллеяның ашылу салтанатына қатысқан облыс басшысының орынбасары Дәурен Жандарбек әділдікті қамтамасыз ету жолында судья қызметінің маңыздылығы мен оған деген сенім жайында айтты.

ДӘУРЕН ЖАНДАРБЕК, облыс әкімінің орынбасары:

 – Судьяларға халық тарапынан зор жауапкершілік жүктеледі. Сала мамандары әділдік жолында өз міндеттерін адал әрі тиянақты орындауы қажет. Себебі, адам құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету – аса маңызды іс.

Жиын барысында қатысушылар есімдері мемориалдық тақтаға жазылған жандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Бұдан кейін жұртшылық соғыс ардагерлерінің рухына тағзым етіп, мемориалдық тақта алдына гүл шоқтарын қойды.
Роза Әмринаның әкесі Қалымжан Хабдулин де Ұлы Отан соғысына қатысқан. Химиялық қорғаныс әскері құрамында болған майдангер соғыстан оралған соң ұзақ жылдар бойы қалалық сотта еңбек еткен.

РОЗА ӘМРИНА, ҰОС ардагері Қ.Хабдулиннің қызы :

– Менің әкем соғысқа 43-ші жылы аттанды. Кейін жарақатына байланысты госпитальға жатқызылады. Ол жерден 47-ші жылы шықты. Одан кейін заңгерлікке бір жылдық дайындық курсын оқып бітіргеннен кейін жоғары оқу орнына түседі. Қолына дипломын алысымен сот саласына жұмысқа орналасады.

Іс-шараның соңында жиналған қауым курсанттардың өнерін тамашалады.