МТРА жаңалықтары

Мемлекеттік қызметке аяқ басқан жастар ант қабылдады

Халыққа адал қызмет етемін! Бүгін мемлекеттік қызметке аяқ басқан жергілікті жастар ант қабылдады. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада өткен жиын қорытындысы бойынша 2 адам жұмысқа орналасты.

Салтанатты шарада ант қабылдағандардың бірі – Гүлмайра Қайырбекова. Нәзікжанды бұған дейін жергілікті серіктестіктердің бірінде есепші болып қызмет етіпті. Бүгіннен бастап ол жұмысын басқа салада жалғастырмақ.

ГҮЛМАЙРА ҚАЙЫРБЕКОВА, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы бөлімінің бас маманы:

– Қазір ауыл шаруашылығы басқармасында есепші болып қазмет етемін. Мемлекеттік қызметті таңдаған себебім – мұнда жалақы жоғары және маман ретінде дамуыма көп мүмкіндік жасалған.

Ант қабылданып болған соң, мемлекеттік қызметте ұзақ жылдар бойы еңбек еткен қазыналы аға буын өкілдері жастарға өз ақыл-кеңестерін берді. Сондай-ақ, кәсіби тәжірибелерімен бөлісті.

ДИЛЯРА ХАСАНОВА, облыс әкімі аппараты бастауыш партия ұйымының төрағасы:
– Мен 13 жылдан аса уақыт облыс әкімінің аппаратында қызмет еттім. Бұл – жауапкершілігі өте жоғары жұмыс. Себебі, халықтың үмітін арқалайсың, олардың мұң-мұқтажын ескересің. Жастарға өз жұмысына адал болу керектігін ескертемін. Сондай-ақ, халықтан келіп түскен сұрақтарға дер кезінде жауап беріп, мәселені түпкілікті шешуге тырысу қажет.

Бүгінгі іс-шара облыс әкімі аппаратының мұрындық болуымен Мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Жиын барысында ерен еңбегімен көзге түскен 10-нан аса жанға Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Елена Степаненко өз атынан Алғыс хат табыстады.


Бердимурат Баймухан