МТРА жаңалықтары

Уәлиханов ауданының әкімі есеп берді

Аудан әкімдерінің есеп беруі жалғасуда. Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде Уәлиханов ауданының әкімі Қайрат Пішенбаев есеп берді.

Өткен 12 айда атқарылған жұмыс ауыз толтырып айтарлықтай. Дегенмен, биылға арналған жоспар одан да ауқымды. Уәлиханов ауданында мал шаруашылығын дамыту бойынша 4 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Қайрат Пішенбаев, Уәлиханов ауданының әкімі:
– Аталған жобалар арқылы 3 мыңнан аса бас мал сатып алынатын болады. Оның ішінде биылғы жылы Кішкенекөл ауылында “Жолдасбай-Агро” фермерлік шаруашылығы мен ауданымыздағы 1200 басқа арналған екінші сүт-тауар фермасының құрылысы жоспарланған. Жоба қуаттылығы: жылына 6 мың тонна сүт өндіріледі. Келесі жоба – Ақбұлақ ауылында 5 мың басқа арналған бордақылау алаңының құрылысы жүріп жатыр. Жобаның жалпы құны – 2 млрд теңге. Қуаттылығы: жылына 15 мың тонна ет өндіріледі. Құрылыс жұмыстары 2023 жылы аяқталады деп жоспарланған. Жалпы, 4 жобаның арқасында ауданда 120 жаңа жұмыс орны ашылады.

Облыс орталығынан ең шалғай орналасқан аудан тұрғындарын көбіне жол мәселесі алаңдатады. Әсіресе, ауылдағы ағайын республикалық маңызға ие Кішкенекөл мен Дәуіт елді мекендері арасындағы 52 шақырым жолдың жөнделуін көптен бері күтіп жүр.

Қайрат Пішенбаев, Уәлиханов ауданының әкімі:
– Кішкенекөл мен Дәуіт елді мекені арасындағы жол өте нашар күйде. Бұл мәселені облыс әкімі республика көлемінде көтерген болатын. Жолдың жобасы аяқталып, қазір сараптама жүргізіліп жатыр. Бұл жол күзге қарай қалыпқа келтіріле бастайды деген үміттеміз. Оған республикалық бюджеттен қаржы бөлінеді. Түбінде бұл жол арқылы Омбы шекарасына дейін баруға болады.

Бұдан бөлек, шілде айында ұзындығы 35 шақырымды құрайтын аудандық маңызы бар “Өндіріс-Жұмысшы-Мырзагүл” жолы қалыпқа келтірілмек. Шаруға облыстық бюджеттен 272 млн теңге бөлініпті. Сонымен қатар, биыл Қулыкөл ауылының ауылішілік жолдарына орташа жөндеу жүргізіледі. Қайрат Пішенбаев атап өткендей, бүгінде аудан халқының 95%-ы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген. 10 елді мекенде су тазарту жүйесі орнатылған.

Қайрат Пішенбаев, Уәлиханов ауданының әкімі:
– Біздің 2 елді мекенде ғана су мәселесі бар. Бір ауылда 1 адам ғана тұрса, 2-ші елді мекенде 2 адам ғана тұрады. Мырзагүл ауылында да 3 отбасы тұрады. Бұл ауылдарға су еш қиындықсыз жеткізіліп тұрады.

Бүгінде уәлихановтықтар үшін ұялы байланыс пен интернетке қолжетімділік мәселесі өзекті болып табылады. Өткен жылы 6 ауылда 3G мобильді байланысы орнатылыпты. Осылайша, ауданның 27 елді мекенінің 19-ында сапалы мобильді байланысқа қолжетімді болып отыр. Биыл тағы 4 бірдей ауылға ұялы байланыс пен интернет желісі тартылмақ. Сонымен қатар, аудандағы елді мекендердің 85 пайызы жарықтандырылған. Ауданда қоныс аударушыларға да тиісті жағдай жасалып жатыр.

Қайрат Пішенбаев, Уәлиханов ауданының әкімі:
– Елдің оңтүстігінен солтүстігіне қоныс аударатын азаматтарға жәрдемақыларды бөлудің тәсілдері қайта қаралуда. 2021 жылы ауданға 52 отбасы немесе 165 адам келді. Барлық отбасыларға көшу үшін субсидиялар және тұрғын үй жалдау бойынша шығыстар төленді. Жылдың басынан бастап 7 отбасы немесе 21 адам көшіп келді. Еңбекке жарамды 11 адамның 5-уі тұрақты жұмысқа орналасты. Жыл соңына дейін жалпы 57 отбасы келеді деп күтілуде.

Биыл аудан орталығындағы стадионның құрылысы аяқталады. Жобаны жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен 161 млн теңге қаржы бөлінген. Ауданда жүзу спортын дамыту мақсатында жаттығу залы бар жабық жүзу бассейнін салу жоспарланған.

Дана Ешкенова