Мәдениет

Тіл тағдыры – ел тағдыры

«Тіл тағдыры – ел тағдыры». Осындай атаумен Иван Шухов атындағы қалалық кітапханада «Sana» әдеби музыкалық клубының ұйымдастыруымен іс-шара өтті. Жиынға тіл жанашырлары, түрлі сала мамандары, қаламы қарымды азаматтар мен ел болашағы – жастар қатысты. Журналистер одағының мүшесі Марал Оспанова қазақ тілінің келешегіне алаңдаулы.

Марал Оспанова, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

-Қазіргі таңда біздің балаларымыз бөтен тілде сөйлеуге жақын.Себебі, жаңа туған бала атының өзін қазақша қойып, бесікте әлдиінің өзін қазақша айтып тәрбиелемеген соң балаларымыз басқа тілге бет бұрып бара жатыр. Біз бүгін сол туралы кең түрде сөйлесеміз.

Айдана Серікбай – болашақ педагог. Нақтырақ айтсақ, бір жылдан кейін Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі атанады. Оның айтуынша, жастар үйде ғана емес, көшеде де, қоғамда да өз тілінде сөйлеуі керек. Сонда тіл ұмыт болмайды.

Айдана Серікбай, Қозыбаев университетінің студенті

– Қазіргі таңда Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығында оқимын. Сондықтан, біздің басты мақсатымыз – барлығымен қазақ тілінде еркін сөйлесу. Мен болашақ мұғалім болғандықтан әрбір жас жеткіншекке өзінің тілі маңызды екенін және сол мемлекетке, ұлтқа қызмет ету үшін тілді бағалау керек екенін үйретемін.

Жиынға қатысушылар тіл мәселесі көтерілген жиынды келесі жолы кең көлемде ұйымдастыруды жоспарлап отыр.