Мәдениет

«Мәңгілік» би ансамблі халықаралық байқауда бас жүлдені жеңіп алды

Кезекті жеңіс! Жергілікті «Мәңгілік» би ансамблі халықаралық байқауда үздік өнер көрсетіп, бас жүлдені жеңіп алды.

Маусымның 11-і мен 13-і аралығында Нұр-Сұлтан қаласында “NOMAD awards” атты халықаралық бишілер байқауы өтті. Шығармашылық сайысқа солтүстікқазақстандықтардан бөлек, 50-ге жуық өнер ұжымы қатысқан.

 МИХАИЛ ЛАХТИН, «Мәңгілік» би ансамблінің көркемдік жетекшісі, ҚР Мәдениет қайраткері:
– Байқау 2 кезеңнен тұрды. Шығармашылық сайысқа еліміздің түпкір-түпкірінен мықты ұжымдар жиналды. Бәсекелестік жоғары деңгейде болды. Қазылар алқасының құрамына Тәжікстан, Өзбекстан және Үндістан елдерінің еңбек сіңірген қайраткерлері кірді. Әрине, қобалжу болды. Мықты ұжымдармен бәсекеге түскеннен кейін гран-при жеңіп аламыз деп ойлаған жоқпыз.

«Мәңгілік» би ансамблі байқауда 3 бірдей би билепті. Солтүстікқазақстандық өнерпаздардың өнері көпшіліктің көңілінен шыққан көрінеді.

АРИНА САХАРОВА, «Мәңгілік» би ансамблінің мүшесі
– Халықаралық байқаудан алған әсеріміз керемет. Сахна өте үлкен болды. 3 бірдей биімізді ойдағыдай орындап шықтық. Көрермендер де бізге жылы лебіздерін жеткізді. Қарсыластарымыз да мықты дайындықпен келген. Ұжымдардың репертуарлары тыңғылықты таңдалған және сахналық костюмдері де көздің жауын алады. Байқаудан кейін бишілерге шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Тәжірибе алмасу барысында грузин биінің жаңа қимыл-қозғалыстарын үйрендім.

Естеріңізге сала кетейік, жергілікті шығармашылық ұжым осымен бір айда екінші рет гран-при иегері атанып отыр. Маусымның 7-сінде ғана «Мәңгілік» би ансамблі Кипрде өткен халықаралық би фестивалінде жеңіс тұғырының ең жоғары сатысынан көрінген болатын. Бүгінде талантты ұжымға 15 жас мүшелік етуде.

Дана Ешкенова