МТРА жаңалықтары

Өңірдің Құрметті азаматы Сергей Пресняков 100 жасқа толды

Ел үшін жауға қарсы аттанып, кейін облыстың дамуына сүбелі үлес қосқан қария. Бүгін өңірдің Құрметті азаматы Сергей Пресняков 100 жасқа толды.
Қос ғасыр куәгерін мерейтойымен Құмар Ақсақалов құттықтады. Облыс әкімі өлкетанушыға шапан жапты. Көпшілік алдында ел президентінің құттықтауын оқып берді.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі
– Сіздің өміріңіз – Отанға және сүйікті іске қызмет етудің лайықты үлгісі. Сіз Ұлы Отан соғысынан, өмірдің ауыр сынақтарынан абыроймен өттіңіз. Қан майданда ерлік көрсеттіңіз. Одан кейінгі жылдарда өз өміріңізді партиялық қызметпен байланыстырдыңыз. Сіздің өлкетану саласындағы ғылыми-зерттеулеріңіз де жоғары құрметке лайықты. 100 жылдық мерейтойыңызда сізге алғыс білдіріп, зор денсаулық, амандық пен көтеріңкі көңіл-күй тілеймін. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиын барысында Сергей Пресняковты құттықтай келген көпшілік кезек-кезек сөз алды.
Ізгі тілегін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов те білдірді.

ЕСКЕНДІР ЕЛЕУСІЗОВ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы
– Қазіргі таңда 100-ге, тіпті, 90-ға келіп жатқан адамдар кемде-кем. Бірақ, өмір жылдармен емес, адамның сол жылдар бойы істеген істерімен өлшенеді. Айтқым келгені, Сергей Пресняковтың атқарған жұмыстары, жүргізген зерттеулері көпшілікке үлгі болуы тиіс. Сізді мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын.

Біреу біліп, біреу білмес, Сергей Пресняков – облыстық ардагерлер кеңесінің тұңғыш төрағасы. Ардагерлер қозғалысының дамуына елеулі үлес қосқан жан. Бүгін мерейтой иесінің есімі республикалық қоғамдық бірлестіктің Орталық кеңесінің Құрмет кітабына енгізілді.

Салтанатты жиынға Сергей Михайловичтің қызы да қатысып отыр. Елена Преснякова асқар тау әкесінің өзіне ғана белгілі қасиеттерін айтып, өзінің балғын балалық шағына көз жүгіртті.

ЕЛЕНА ПРЕСНЯКОВА, Сергей Пресняковтың қызы:
– Ол көп оқып, көп жұмыс істеді. Соған қарамастан отбасына, балаларына көңіл бөлуді ұмытқан емес. Өз қолынан келетін қолөнер бойымдарын істеп беретін. Бізбен бірге серуендеп, мұз айдынына баратын. Бізге арнап қар қалашықтарын да жасап бергендігі әлі есімде.

Жиын барысында ізгі тілекпен, ақ ниетпен келген көпшілікке Сергей Пресняков өз алғысын білдірді.

СЕРГЕЙ ПРЕСНЯКОВ, ҰОС ардагері, СҚО Құрметті азаматы
– Менің өмірімнің басым бөлігі осы өңірде өтті. Мен үшін бұл жерден қымбат ештеңе жоқ. Соғыс уақытында оқ пен оттың ортасында жүріп, осы ел үшін жан беруге де дайын болдым. Бүгін мені құттықтай келген барша жандарға алғысымды білдіремін.

Айта кету қажет, Сергей Пресняков – 10-нан астам кітаптың авторы. Қария түрлі дәрежедегі медаль, грамоталармен марапатталған.

Алдияр Айтпаев