МТРА жаңалықтары

Шал ақын ауданында алдағы уақытта 4 ірі инвестжоба іске асырылады

Шал ақын ауданында алдағы уақытта 4 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде аудан әкімі Рахат Смағұлов мәлім етті.

Жобалардың қаржылық жиынтық көлемі 4 млрд теңгеге жуықтайды. Соның бірі – Сергеевкада салынып жатқан сүт-тауарлы ферма. Нысан 400 басқа шақталған.
4 жобаны іске асырудың нәтижесінде барлығы 150 жұмыс орны құрылады.

Рахат Смағұлов, Шал ақын ауданының әкімі:
– “Асыл логистикс” серіктестігінде жақында екі заманауи элеватор қолданысқа тапсырылады. Нысандар Сухорабовка мен Афанасьевка ауылдарында орналасқан. Әр кешеннің өнімділігі жылына 10 мың тоннаны құрамақ. Сондай-ақ, жуырда Ступинка ауылында “Алтын астық KZ” серіктестігі астық қабылдау кәсіпорнын ашады. Бұл бастамаларды жүзеге асырудың нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі артады және жаңа жұмыс орындары құрылады.

Өзге аудандардағыдай Шал ақын тұрғындарын да жол мәселесі алаңдатады. Көптен бері жамалып-жаңаланбаған Волошинка-Сергеевка-Тимирязев тас жолына былтырдан бері жөндеу жүріп жатыр. 74 шақырымның жартысы қалыпқа келтірілді. Сондай-ақ, биыл Сергеевка қаласынан бастап Есіл ауданындағы Николаевка ауылына дейінгі аралық жөнделеді.

Рахат Смағұлов, Шал ақын ауданының әкімі:
-Былтырғыдай ауылдардың кіреберістерін жөндеуді жалғастырамыз. Еңбек, Жалтыр, Кеңес, Крещенка және Семиполка ауылдарының кіреберістерін жөндеуге сметалық құжаттар әзірленді.
Қаражат бөлінсе, жұмыс аяқталады. Қазіргі уақытта Городецкое және Ибраев ауылдарының кіреберістерін асфальттау жұмыстары басталып, Кривощеково ауылының көшелерін асфальттау жұмыстары аяқталуда. Бұл жұмыстарға барлығы 500 млн теңгеден астам қаражат қарастырылған.

Бірлік, Кеңес, Жаңажол және Жаңаталап. Жуырда аталған елді мекендерді орталықтандырылған су құбырына қосу жұмыстары басталып кетті. Шаруаға облыстық бюджеттен 1 млрд теңге қаржы бөлінді. Жобаның жүзеге асырылуы келесі жылы аяқталады.

Рахат Смағұлов, Шал ақын ауданының әкімі:
– Ступинка, Семиполка, Повозочное ауылдарында да Пресновка
магистральдық су құбырына қосылу жобасы әзірленді. Біз қаржыландыруды күтудеміз. Жобаның жалпы құны 2 млрд теңгеден асады. Жоба екі жылда аяқталады деп ойлаймын. Сонымен қатар, біз екі жылдың ішінде 7 елді мекенді орталықтандырылған су құбырына қосуды жоспарлап отырмыз.

Сондай-ақ, аудан орталығында 27 пәтерлі үйдің құрылысы жүріп жатыр. Нысан жыл соңына қолданысқа тапсырылуы мүмкін.

Дана Ешкенова