Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда құс фабрикасының құрылысы басталды

Бір кездері бос тұрған жерде қазір жұмыс қызған. Ауыр техника құс фабрикасына бөлінген 24,5 гектарды тазартып, құрылысқа дайындауда. Біртіндеп материалдар да әкелініп жатыр.

 ИГОРЬ ТИЩЕНКО – «ПЕТРОПАВЛ БРОЙЛЕРІ» ЖШС ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ
– Бұл жерде 24 корпус салынады. Ішінде инкубатор, союға арналған цех сынды нысандар болады. Құрылыс жұмыстары 2 жылға жалғасады. Биыл күзде бірқатар жердегі жұмысты аяқтап, алғашқы балапандарды әкелмекшіміз. Жоба құны 2,5 млрд теңгені құрайды. Қаржының жартысы өзіміздікі болса, қалғанын банктен алдық. Фабрика іске қосылғанда 100-ге жуық адам екі қолға бір күрекпен қамтылады.

Кәсіпорын толық қуатқа көшкенде жылына 10 мың тонна құс еті өндіріледі. “Сұраныс бар. Сондықтан, бұл жоба өңіріміз үшін маңызды”,- дейді мұндағы жұмыстармен танысқан облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

 ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
–  Өңірдің құс етіне деген қажеттілігі 8,5 мың тоннаны құрайды. Ал облыста қазір тек 1 фабрика жұмыс істеп тұр. Оның өзі жылына 2,5 мың тонна ғана өнім өндіреді. Әрине, ол жеткіліксіз. Күзге қарай Аралағаш пен Новокаменка елді мекендерінде тағы 2 нысан іске қосылады. Олар да сұранысты толық қамтамасыз етпейді. Ал келер жылы осы кәсіпорын ашылғанда құс етін, тіпті, экспорттауға мүмкіндік туады.

Мемлекеттен қолдау танытылады. Аймақ басшысы кәсіпорынға су және кәріздік желілерді тарту бойынша көмек көрсетілетіндігін жеткізді.

Байболат Култанов