МТРА жаңалықтары

Биыл облыста балалардың терезеден құлау фактісі тіркелген жоқ

Бұл жантүршігерлік кадрлар осыдан бір ай бұрын Нұр-Сұлтан қаласында түсірілді. Көріп тұрғандарыңыздай елордадағы көпқабатты үйлердің бірінде терезеден кішкентай бала ілініп тұр. Сәл артық қимыл жасаса төмен қарай құлдилай кетпекші. Абырой болғанда кездейсоқ өтіп бара жатқан адам көзсіз ерлік танытып баланы құтқарып қалды.

Уақытылы әрекет жасамағанда бұл жағдайдың соңы қайғылы аяқталуы да мүмкін еді. Қуанышқа орай олай болмады. Айта кеткен жөн, қазір елімізде осыған ұқсас фактілер жиі тіркеліп жатыр. Ата-ана назарынсыз қалған балалар терезеге шығып, құлап кетіп жатыр. Ал облысымызда сондай жайт осыдан 2 жыл бұрын тіркелген екен.

Ернар Рүстем, қалалық ТЖ бөлімінің бас маманы:
– Соңғы оқиғалардың бірі 2020 жылы 13 тамызда Айыртау ауданындағы Саумалкөл ауылында тіркелді. Ол жақта 5 қабатты тұрғын үйдің 4-ші қабатынан 2017 жылы туылған бала құлап кетті. Қатты жарақаттың салдарынан бала қайтыс болды.

Осыған орай төтенше жағдайлар қызметінің мамандары солтүстікқазақстандықтарды абай болуға шақырады және балалардың терезеден құлауының алдын алу үшін бірқатар ережені қаперде ұстау қажеттігін айтты.

Ернар Рүстем, қалалық ТЖ бөлімінің бас маманы:
– Үйде балалар болса терезені ашық қалдырмаңыз. Терезе мен балконның жанында ойнап жүрген балаларды қараусыз қалдырмаңыздар және үйдегі үлкен балаларға кішкентайларға қарап жүруді үйретіңіздер.

Сондай-ақ, балалардың терезені өздері ашып алмаулары үшін блокираторы бар құрылғы мен тұтқа орнату қажет дейді құтқарушылар.

Бердимурат Баймухан