МТРА жаңалықтары

Тайыншада жол жөнделіп жатыр

Тайыншаның жолдарына қан жүгірді. Аудан орталығының бірнеше көшесіне асфальт төселіп жатыр.

Қызу жұмыс Батыс-Карл Маркс көшесінде жүргізілуде. Іске “Көкшетау Жолдары” серіктестігі өткен жылдың тамыз айында білек сыбана кіріскен. Бүгінге дейін мамандар шаруаның басым бөлігін тындырған. 4 шақырымдай жерге тақтайдай тегіс асфальт төселген. 50 жылдан бері жол азабын тартқан тұрғындардың бірі Галина Пешехонева бұл өзгеріске дән риза.

ГАЛИНА ПЕШЕХОНЕВА, Тайынша қаласының тұрғыны
– Бұған дейін жолдың жағдайы мүшкіл болды. Жауын болса, аяқ алып жүргісіз. Енді міне теп-тегіс асфальт пайда болды. Жаяу жүргіншілерге де арналып тротуар салынды.

Жалпы, бұл жобаның құны 666 млн теңгені құрайды. Қаржының басым бөлігі республикалық бюджеттен бөлінген. Қалғаны – облыстықтан. Істі жауапты серіктестік шілде айынын соңына дейін аяқтамақ.

ВАЛЕРИЙ ШПАКОВСКИЙ, Тайынша қаласының әкімі
– Бірер күнде жол белгілерін қойып, жолақтарды белгілеу жұмыстары басталады. Сондай-ақ, аялдамалар орнатылады. Мердігер жолдың сапасы мен атқарылған барлық іске 2 жылға дейін кепілдік береді.

Тайыншалық ағайынға құлаққағыс. Таяу арада тағы 2 көшеде жөндеу жұмыстары қолға алынады. Қос жобаның сметалық құжаттамасы дайын. Қаржы республикалық бюджеттен бөлінуі тиіс.

Алдияр Айтпаев