Құрылыс

Спортшы жастарға жатақхана салынып жатыр

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Қаламызда облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі үшін жатақхана салынып жатыр. Уәлиханов көшесінде орналасқан нысан 9 қабаттан тұрмақ. Ғимарат 244 студентке шақталған.

Облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің студенті Нұрсұлтан Байназар алдағы аптада 1-ші курсты тәмамдайды. Білекті жігіт – палуан. Грек-рим күресін жанына серік еткеніне бірнеше жылдың жүзі болыпты. Қазір Нұрсұлтан сынды қыз-жігіттер мекемедегі оқушылармен бірге тұрып жатыр екен. Болашақта үлкендер басқа ғимаратқа көшеді. Мұны спортшы күтіп жүр. “Нысан қолданысқа берілсе, студенттердің саны артады, бұл өз кезегінде шеберлік шыңдауға септеседі”,- дейді жалынды жас.

НҰРСҰЛТАН БАЙНАЗАР, СҚО олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің студенті:
– Бұл жатақхана бізге керек. Қазіргі таңда көп бала пәтер жалдап тұрып жатыр. Құрылысқа қуаныштымыз. Биыл 99 студент бар. Оның 30-ы – түлек. Студенттер көп болса жақсы жаттығу жасауға болады.

Жатақхана құрылысына «INTERNATIONAL CONSTRUCTION GROUP» серіктестігі жауапты. Компания маңызды шаруаға өткен жылдың тамыз айында кірісіпті. Бүгінгі күні жұмыстың 50 пайызға жуығы тәмамдалған екен. Материал өзіміздікі. Яғни, құрылыс алаңында бел жазбай тер төгіп жатқан 70-ке тарта маман отандық өнімдерді қолдануда. Сұхбат барысында серіктестік директоры негізгі мәселеге де тоқталды.

БЕРІК СЕКЕНОВ, мердігер серіктестіктің директоры
– Құрылыс жұмыстарын осы жылдың желтоқсан немесе келесі жылдың қаңтарында аяқтауды көздеп отырмыз. Жоспардан сәл қалып келеміз. Мамандар жетіспейді. Әсіресе, тас қалаушылар таптырмай тұр. Бірақ, қазіргі таңда бұл – жалғыз біздің ғана емес, күллі өңір аумағындағы проблема.

Мектеп-интернаттың базасында колледж пайда болғалы бөлмелерде жатын орындарының саны артыпты. Қазір мұнда оқитын жастардың жалпы саны 370-ті құрайды. Ал мекеменің өзі 250 адамға шақталғанын айта кеткен жөн.

ОЛЬГА ОСТАФЕЙЧУК, СҚО олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі директорының орынбасары:
– Орын тапшылығына қатысты мәселе жоқ емес, бар. Біздегі балалардың кейбірі үйде тұрады. Соның өзінде мекеме ішіндегі бөлініс талапқа сай келмейді. Ереже бойынша әр балада кең орын болуы қажет. Мұндай тиісті жағдай жасалмаса, спортшының режимі бұзылады. Бұл өз кезегінде жоғары жетістіктерге жетуге кері әсер етеді.

Облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі биыл 30 жасты қабылдауды жоспарлап отыр. Студенттер тегін оқиды, жатын орынға да ақша төлемейді әрі мемлекет тарапынан тамақтандырылады. 3 жылдан соң “Жаттықтырушы-оқытушы” мамандығы бойынша диплом алады.

Байболат Култанов