МТРА жаңалықтары

СҚО-да 150-ден астам бала қант диабетіне шалдыққан

Анна Зырянованың қызы София қант диабетіне 1 жасында шалдығыпты. Биыл бұл аурумен күресіп жүргеніне бақандай 7 жылдан асып отыр. Бауыр еті баласын ойлап түн ұйқысын 4 бөлетін ана ас мәзіріне ерекше мән береді. Бермеске болмайды. Егер бір өнімді артық немесе кем тұтынса, ағзаға әсер етеді. Сондықтан, қырағылық, мұқияттылық қажет.

АННА ЗЫРЯНОВА, Софияның анасы:
– София 1 жаста болғанда алғашқы симптомдары пайда болды. Оны жиі дәретханаға апарып отырдық. Тұңғыш балам болғандықтан мен бұл дерттің бір белгісі екенін білмедім. Дәрігерлер тексеру барысында қанттың мөлшері 36 екенін анықтады. Сол кезде алғаш рет инсулин помпасы қойылды.

Инсулин помпасының басты артықшылығы – ағзадағы қант мөлшерін өздігінен бақылайды. Сол бойынша адам бойына сұйықтық енгізеді.
Осының арқасында күніне бернеше рет дәрі егу қажеттігі туындамайды.

АННА ЗЫРЯНОВА, Софияның анасы:
– Қанның мөлшерін үнемі бақылап отыру керек. Оны қалыпты нормада ұстаған абзал. Себебі, қант мөлшерінің төмендеуі немесе жоғары болуы денсаулыққа кері әсерін тигізеді. Қазір қызым қант мөлшерін өзі тексере алады.

Бүгінде Анна қант диабетіне шалдыққан балалардың ата-аналары бірлестігіне мүшелік етеді. Бұл ұйымды өзі құрыпты. Тағдырдың тауқыметін тартқан жандар республикалық диабет қауымдастығының прездиенті Руслан Закиевпен кездесу мүмкіндігін иеленді. Жүздесуде алматылық маман саладағы өзекті мәселелерді көтерді. Сөзінше, өңірімізде эндокринолог дәрігерлер жетіспейді.

РУСЛАН ЗАКИЕВ, ҚР диабет қауымдастығының президенті, Алматы қаласы
– Біздің қауымдастық республикалық деңгейдегі түрлі мәселелерді шешуге үлес қосады. Солардың ішінде маман тапшылығын жою, қажетті дәрілермен қамту да бар. Қоғамдағы тағы бір проблема – қант диабетімен ауыратын балаларды мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының қабылдамауы. Жоспарымызға осы мәселені шешуді кіргіздік.

Бүгінде Руслан Закиев балалар лагерінде қант диабеті бар балаларға арналған арнайы топ ашуды жоспарлап отыр. Онда ұл-қыздарды эндокринологтар қарап, ем-дом жасайтын болады. Іс-шара барысында Анна Зырянованың бастамасымен құрылған бірлестік республикалық қауымдастыққа енді. Яғни, бұдан былай жергілікті ата-аналардың сұрақтары ел көлемінде қаралмақ. Жалпы, Қазақстан бойынша аутоиммундық ауруға 5 мыңға жуық бала шалдыққан. Оның 150-ден астамы – теріскейлік.

Самал Жунусова