МТРА жаңалықтары

Биыл Есіл ауданында 6 млрд теңгеге 6 жоба іске асырылмақ

Биыл Есіл ауданында 6 млрд теңгеге 6 жоба іске асырылмақ.

Алдағы уақытта “Атамекен-Агро-Корнеевка” серіктестігінің базасында 680 басқа шақталған сүт-тауарлы ферманың құрылысы басталады. Жоба құны – 3,3 млрд теңге. Серіктестіктің сүт өндірудегі жылдық қуаттылығы 3500 тоннаға жетеді. Бұл ауданда өндірілетін сүт көлемін 10,2%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, биыл “Азия-Таранғұл” серіктестігінде де дәл осындай кешен тұрғызу жоспарланып отыр. Нәтижесінде 30 жұмыс орны құрылады.

Медет Оспанов, Есіл ауданының әкімі
– Ал “Рустикус” серіктестігінде бүгінде 1500 басқа арналған қой шаруашылығы фермасының құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қожалыққа басында 500 бас қой сатып алу жоспарланған. Жоба құны – 150 млн теңге. Ферма іске қосылған соң 8 жұмыс орны құрылады. Сондай-ақ, биыл “Стрелец. Экологиялық егін шаруашылығы ” серіктестігі сыйымдылығы 2000 тонна көкөніс сақтау қоймасын тұрғызбақ. 100 млн теңгеге неміс фирмасынан желдеткіш пен тоңазытқыш сатып алу жоспарлануда.

Енді аудандағы инфрақұрылым саласына кезек берсек. Соның ішінде жол мәселесіне кеңірек тоқталсақ. Өткен жылы ауданда ұзындығы 26,3 шақырымды құрайтын асфальт жабындысын қалпына келтіру бойынша 6 жоба іске асырылыпты. Ал Явленка, Корнеевка, Петровка және Амангелді ауылдарында кентішілік жолдар орташа жөндеу көрген. Ағымдағы жылы бұл шаруа жалғасын тапты. Қазіргі таңда ұзындығы 20 шақырымды құрайтын Қараағаш ауылының кіреберісіндегі жол жөнделіп жатыр. Шаруа шілде айында аяқталмақ.

Медет Оспанов, Есіл ауданының әкімі
– Сондай-ақ, Тауағаш ауылына кіреберістегі жол да жөнделіп жатыр. Биыл 10 елді мекенде ауылішілік жолдарды қалыпқа келтіру жоспарланған. Тағы,
Бесқұдық ауылына баратын жолды жөндеу үшін техникалық құжаттама сараптамада қаралып жатыр. Сонымен қатар, Ақтас, Қаратал, Жарқайың, Бұлақ ауылдарының кіреберіс жолдарын қалыпқа келтіру үшін сметалық құжаттама әзірленді.

Ауданда ауылдағы ағайынды таза ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі бірінші кезекте тұр. Ағымдағы жылы “Преснов топтық су құбырын” қайта жаңарту
жұмыстары жүргізілмек. Жоба құны – 60,1 млн теңге. Сондай-ақ, Бұлақ ауылының сумен жабдықтау желілерінің құрылысы бойынша жобаны іске асыру бойынша конкурстық рәсімдер жалғасуда.

Медет Оспанов, Есіл ауданының әкімі
– “2021 жылы Есіл ауданында 13 ауыл жарықтандырылды. Биыл тағы 6 ауылға жарық жетпек”.

Брифинг барысында, Медет Оспанов биыл Явленка және Заградовка ауылдарында 382 шаршы метр тұрғын үй қолданысқа тапсырылғанын да мәлім етті. Сондай-ақ, “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы аясында оңтүстік өңірлерден қоныс аударушылар үшін 26 тұрғын үй сатып алынған. Жыл басынан бері Есіл ауданына 10 отбасы көшіп келген.

Дана Ешкенова