МТРА жаңалықтары

Ардагерге құрмет көрсетілді

Маусымның 15-і күні өңірдің Құрметті азаматы, майдангер, өлкетанушы, жазушы Сергей Пресняков 100 жасқа толмақ. Мерейлі датаға орай Петропавлда ашық аспан астындағы кездесу өтті. Ерекше іс-шарада ғасыр жасағалы отырған қарияның бұрынғы әріптестері, мәдениет саласының өкілдері және жастар болды. Ал мерейтой иесінің өзі жиынға онлайн форматта қатысты.

ЕРКЕН ШАЛКЕНОВ, облыстық музей қауымдастығы директорының орынбасары:
– Осы кездесу арқылы Сергей Пресняковты алдағы туған күнімен құттықтағымыз келеді. Біздер үшін бұл кісінің орны бөлек. Ол қан майданда жауға қарсы тұрды. Кейін өңірімізді дамыту жолында аянбай тер төкті. Тұрғындар, әсіресе, жастар жағы мемлекет және қоғам қайраткерін білуі тиіс.

Сергей Пресняков – сегіз қырлы, бір сырлы жан. Ол зейнетке дейін әртүрлі салада жұмыс істепті. Құрметті еңбек демалысына шыққасын да қызметтен қол үзбеген. Бертін келе Петропавл педагогикалық институтында туған өлке мен Қазақстан тарихынан сабақ берген екен. Ардагердің өмір жолын шара ұйымдастырушылары жіпке тізді. Қариямен Нэлли Иванова жақсы таныс. Нәзікжанды жерлесімізбен облыстық партия комитетінде 8 жыл төр төгіпті.

НЭЛЛИ ИВАНОВА, СҚО Құрметті азаматы:
– Біз Сергей Михайловичпен облыстық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімінде жұмыс істедік. Мен оның орынбасары болдым. Басшыдан көп дүние үйрендім деп айта аламын. Ол – өз ісіне берілген, сөзі өтімді, қамқор адам. Мұндай кісімен таныс әрі әріптес болғаныма қуанамын.

Өңірдің Құрметті азаматы Сергей Пресняков – 10-нан астам кітаптың авторы. Баға жетпес еңбектердің ішінде “Солтүстік Қазақстан облысы” энциклопедиясы да бар. Бірқатар туындымен ашық аспан астында өткен кездесу қатысушылары жақынырақ таныса алды.

Байболат Култанов