Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі ГФР-дың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісімен кездесті

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
Қазір біраздан соң облыс әкімі Құмар Ақсақалов Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі
Моника Иверсенмен кездеседі. Батыстағы бай-қуатты ел дегенде ойымызға бірден 3 түстен тұратын ту және тегеурінді темір тұлпарлар келеді. Иә, немістер – технологияның төрелері. Бүгінде олардың өнімдерін әлем жұрты әр салада қолданып жүр.

Аққайыңдар өлкесінде Германияда шығарылған ауыл шаруашылығы өнімдері жоғары сұранысқа ие. Мысалы, қазір “CLAAS” компаниясының тауарлары диқандардың біразында бар. Әлемдік брендке айналған ұйымның техникасы мен жабдықтары былтырдан бастап біздің өңірде жиналып, саудаланып жатыр. Осы орайда қызықты дерекпен бөлісе кеткен жөн. Солтүстік Қазақстанға “CLAAS”-тың өнімі алғаш рет өткен ғасырда жеткізіліпті.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
Біз өңір аумағынан “DOMINATOR” комбайнын тауып алдық. Ол облысымызға осыдан 25 жыл бұрын әкелініпті. Техника әлі жұмыс істеп тұр. Бұл – неміс өнімдерінің сапалы, берік екендігінің тағы бір дәлелі.

Былтыр Петропавлда “CLAAS”-тың 92 бірлік комбайны жиналып, төмендетілген бағамен сатылыпты. Биыл көрсеткішті 150-ге дейін жеткізу көзделген. Кездесу барысында облыс әкімі Құмар Ақсақалов алдағы күзде компания басшылығының өңірімізге келгісі келетінін мәлім етті.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
Жұмыс істеуге жағдай жасалған, сұраныс бар. Мұны немістер жақсы біледі. Сол себепті олардың тағы бір компаниясы Солтүстік Қазақстан облысына келуді жоспарлап отыр екен. Алдағы уақытта “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағында “CLAAS”-тың серіктесі “Reimann” компаниясының филиалы ашылуы мүмкін.

Мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Кездесу барысында облыс әкімі бірқатар өзекті мәселеге тоқталды. Қазір өңірдегі сүт өндірісінде Германияда жасалған қондырғылар қолданылады. Заман игіліктерін жергілікті шаруалар шетелден делдалдар арқылы сатып алып отыр. Тиісінше, қалтадан артық ақша шығаруда.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
Біз жыл сайын тауарлы-сүт фермалардың құрылысын бастаймыз. Оларды делдалдарсыз қажетті қондырғымен жабдықтағымыз келеді. Германиядағы компаниялар бізге келіп, облысымызда өз ұйымдарын ашса деген тілегіміз бар. Осыны іскер жандарға жеткізуді сұраймын.

Өз кезегінде Моника Иверсен бүгінгі күні азық-түлік қауіпсіздігі ерекше маңызға ие екендігін айтып өтті. Бұл бағытта бірлескен жобаларды қолға алу қос тарапқа да тиімді.

МОНИКА ИВЕРСЕН, Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі:
Нұр-Сұлтан қаласында бизнес өкілдерінің кездесуі өтті. Сол жиында “CLAAS”-пен әріптестік орнатқан компанияларды Қазақстанға әкелу мәселесі көтерілді. Мен сіздің бұйымтайыңызды міндетті түрде жеткіземін. Келесі жолы германиялық кәсіпкермен келемін деп ойлаймын.

Германиялық тарап жалғыз агроөнеркәсіптік кешенде ғана емес, денсаулық сақтау, білім берім салаларында да бірлескен жобаларды қолға алғысы келеді. Бізге қос бағыт та маңызды. Соңғысы бойынша ынталы жандарды оқытып, жұмысқа бейімдеуге болады.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
Біздің университетті америкалық Аризона университеті сенімді басқаруға алып отыр. Осы тәжірибе бойынша жұмыс істеуге болады. Өңірдегі колледждердің біріне немістік білім беру бағдарламасын енгізсек, әртүрлі салаға білікті маман дайындар едік. Бұған да мән беруді сұраймын.

Кездесу соңында қос тарап бір-бірімен естелік сыйлық алмасты. Облыс әкімі елші ханымға атақты солтүстікқазақстандық археолог, неміс ұлтының өкілі Виктор Зайберт ашқан Ботай қонысы жайлы кітапты тарту етті.

Байболат Култанов