МТРА жаңалықтары

Мемлекеттік қолдаудың көмегімен кәсібін кеңейтті

Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсібін кеңейтті. Қызылжар ауданындағы іскер жан сантехника сататын екінші дүкенін ашты. Нәзікжанды осыдан 3 жыл бұрын үкіметтен грант пен жеңілдетілген несие алып алғашқы ісін бастапты. Жұмысы өрге домалап, жақында бизнесін дамытуды жөн көреді. Содан тағы да мемлекеттің қолдауына жүгінген.

Алина Клишина, кәсіпкер, Қызылжар ауданы:
– Менің алған білімім құрылыс саласына қатысты. Келген клиенттердің барлық сұрағына жауап беріп, керек болса сатып алатын заттарын қалай орнату қажеттігін іс-жүзінде көрсетіп бере аламын. Сол себепті, маған адамдар көп келеді. Сұраныс артқан соң жақында мемлекеттен 5 млн теңге көлемінде 6 пайызбен несие алдым.

Алина Клишина дүкенінде үйдегі сантехникаға қажетті дүниелердің түр-түрі бар. Бағалары да нарықтағы тауарлардан 1-2 мың теңгеге арзан екен. Жақында кәсіпкердің шағын сауда нүктесі сапалы қолжуғыштармен де толықпақ. Бірақ, түйіні тарқамай тұрған бір мәселе бар. Іскер жан аудандық әкімдік өкілдерінен жер беруді сұрайды.

Алина Клишина, кәсіпкер, Қызылжар ауданы:
– Мен қазір жекеменшік аумақта жұмыс істеп жатырмын. Яғни, жерді жалдау құны да қымбатқа түсуде. Оң жағымда бос орын бар. Маған сол жерді берсе екен деп әкімдікке талай мәрте жүгіндім. Бірақ, ондағы мамандар жөнді жауап бермейді. Жаз кезінде мұнда басқа адамдар келіп көкөніс сатады. Бұл – жер бос тұр дегенді білдіреді.

Айта кеткен жөн, облыстық кәсіпкерлер палатасының жанынан құрылған «Атамекен Қызылжар» микроқаржы ұйымы бүгінге дейін 90-нан аса солтүстікқазақстандыққа 508 млн теңгенің жеңілдетілген несиесін беріпті. Қаржыға қол жеткізген жандар кәсіптерін кеңейтіп немесе жаңадан іс ашып жатыр.

Тимур Ысқақов, «Атамекен Қызылжар» МҚҰ» ЖШС заңгері:
– Біз 6 пайыз жеңілдікпен несие береміз. Орталығымыз Петропавлдағы кәсіпкерлер палатасының 4-ші қабатында орналасқан. Біздің мамандарымыз аудан орталықтарында да бар. Несиеге қол жеткізу үшін солтүстікқазақстандықтардың қолында кәсіпкерлікті меңгергені жөнінде сертификат болуы керек.

Қала тұрғындары үшін берілетін несиенің ең жоғары мөлшері 19 млн 900 мың теңгені құрайды. Ал аудан тұрғындары үшін бөлінетін соманың мөлшері 8 млн теңгеге жуықтайды. Өңір азаматтары қаржыны кез келген салада бизнес ашу үшін пайдалана алады.

Бердимурат Баймухан