МТРА жаңалықтары

Тергеу изоляторына экскурсия ұйымдастырылды

Тергеу изоляторына экскурсия ұйымдастырылды. Қалалық пробация қызметі бөлімінің есебінде тұрған 11 адам бүгін ЕС-164/1 мекесінде болды. Бұл жандар бекерден-бекер таңдалмаған. Олар енді құқық бұзса, осы жерден бір-ақ шығулары мүмкін.

Мақсат – тар қапастағы өмірді көрсету! Экскурсия ұйымдастырушылары іріктелген 11 адаммен бірнеше орынға бас сұқты. Алдымен аядай ғана тергеу бөлмесі таныстырылды. Мұнда құқық бұзушымен сұрақ-жауап жүргізіледі. Кейін іс-шара қатысушылары “камераға” барды. Терезесі торланған, іші радио дыбысымен ғана жанданған бұл жерде күдіктілер сот үкімін күтеді.

Келесі орын – таза ауада уақыт өткізетін жер. Бетоннан қаланған 4 қабырға, төбеде тағы да тор. Мұнда күдіктілер күніне 1-1,5 сағат ғана болады. Яғни, қалған уақытты жаңағы тар бөлмеде өткізеді. Виталий Сахаров ұрлық жасап, 3 жыл 6 айға шартты түрде сотталған. Соның 2 жылы артта қалыпты.

ВИТАЛИЙ САХАРОВ – шартты түрде сотталған
– Бұл жерге түскім келмейді. Мұндағы жағдайды көріп, көңілім құлазып кетті. Бостандықтың қадірін түсініп тұрғандаймын. Адамдарды заң бұзбауға шақырамын.

Ұрлық жасаған, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірген, алаяқтық іске барған. Қалалық пробация қызметі бөлімінің есебінде тұрған бүгінгі 11-дің дені осындай заң бұзушылық фактілеріне барыпты. Араларындағы ең кішісі 18 жаста. Ал үлкендері 40-тың шамасында.

МАХАББАТ НҰРАЛИНА, қалалық пробация қызметі бөлімінің инспекторы:
– СҚО бойынша пробация есебінде 1200 сотталған тұр. Оның 50-і тиісті ережені сақтамағаны үшін темір торға қамалды. Мұндай экскурсия биылдықққа екінші рет өткізіліп отыр. Алдағы уақытта тоқсан сайын ұйымдастырылады деген үміттеміз.

Айта кеткен жөн, тергеу изоляторына алғашқы экскурсия мамыр айында ұйымдастырылыпты.

Байболат Култанов