ТЖ

Есіл ауданында өрттен бір ер адам қаза тапты

Есіл ауданында қайғылы жағдай тіркелді. Маусымның 2-сі күні Бесқұдық ауылында тұрғын үйлердің бірінде қызыл жалын бас көтеріп, 66 жастағы үй иесі көз жұмды.

Жаға ұстатарлық жағдай кешкі 8-дер шамасында орын алған. Үйдің іші отқа оранғанын байқап қалған көршілері бірден қызыл жалынды өз күштерімен ауыздықтауға тырысады. Ауыл тұрғындары диванда жатқан үй иесінің жансыз денесін табады. Өрттің шығуына сөндірілмеген темекі тұқылы себеп болған сыңайлы.

Жұлдыз Есенғазин, Есіл аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы:
– 1,5 шаршы метрге жайылған өрттің салдарынан баспана ішіндегі жиһаз өрттеніп кеткен. Қызыл жалынды ауыл тұрғындары өздері ауыздықтады. Қайғылы оқиға орын алған жерге өрт сөндірушілері шақыртылған жоқ. Белгілі болғандай, марқұм сол күні ішімдік ішкен. Жалпы, жыл басынан бері Есіл ауданында 13 өрт оқиғасы болды.

Облыс бойынша жыл басынан бері 329 өрт оқиғасы тіркеліп, 28 адам қаза тапты. Келген материалдық шығын көлемі 267 млн теңгеден асады.

Дмитрий Растихин, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:
– Қызыл жалынның бас көтеруіне көбіне тұрғындардың немқұрайлылығы себеп болып жатады.Орын алған оқыс оқиғалардың 77 пайызы жеке секторға тиесілі. Сондықтан, жер үйлерде тұратын адамдарға айтарымыз, жылыту маусымына дайындықты осы бастан бастаңыздар.

Сондай-ақ, брифинг барысында суға шомылу маусымы да тілге тиек етілді. Соңғы 9 жылдың ішінде облыста 200-ден астам адам суға батып кеткен.

Қуат Махметов, СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері:
-2021 жылы су айдындарында 22 адам қаза тапты. Оның 6-уы – бала. Бүгінде облысымызда 2 мыңнан астам су айдыны бар. Оның 58-інде ғана суға түсуге рұқсат етілген. Осы ретте айта кетейін, ресми түрде суға түсуге рұқсат етілмеген жерлерде шомылуға тыйым салынады.

Жағажайларда қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында құтқарушылар рейдтік іс-шараларды күшейтті.

Дана Ешкенова