МТРА жаңалықтары

Мемлекеттік рәміздер – елдіктің символы

“Мемлекеттік рәміздер – елдіктің символы”. Петропавлда мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына арналып республикалық конференция өтті. Жиын басталмас бұрын жиналған жұртшылық егеменді еліміздің айбарлы әнұранын қосылып шырқады.

Алқалы жиында елтаңба авторларының бірі Шота-Аман Уәлиханов жайлы айтылды. Көрнекті сәулетші көзі тірі болса биыл 90 жасқа толар еді.

ҒАНИ НЫҒЫМЕТОВ, СҚО әкімінің орынбасары
– Шота Уәлиханов ағамыздың жерлестері оны тамаша архитектор, белсенді қайраткер ретінде мақтан тұтады. Шота Ыдырысұлы дарынды сәулетші ғана емес, талантты ақын, жазушы, драматург, бірқатар тарих, сәулет, өнер бойынша бірқатар ғылыми еңбектер мен жүздеген мақалардың авторы болған. Қоғамға пайда әкеліп, өз отанына қызмет ету, ұлтын сүю ол үшін өмірінің ең маңыздысы болды.

Шаһар төрінде өткізіліп жатқан жиынға қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров те қатысып жатыр. Кеңес Одағының батыры Шота Ыдырысұлымен етене араласқан. Қос алыптың таныстықтығы да ерекше басталыпты. Дарынды сәулетші Халық қаһарманына елтаңба сызбасын көрсетейін деп ғарыш айлағына арнайы барған екен.

ТОҚТАР ӘУБӘКІРОВ, Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының батыры, ҚР Халық қаһарманы
– Сонда сурет маған қатты ұнады. Ағама “Бұны біздің ұшуымыздың символы қылып алсам бола ма?” деп өтініш білдірдім. Шота Ыдырысұлы бұның ол үшін зор бақыт екенін айтты. Содан ұшуды басқару орталығының басшылығымен келістім. Басшылық бұл суретті Қазақстан экипажының эмблемасы болатындығын айтты. Осылайша қазіргі елтаңбамызды мен ғарышқа апарып келдім.

Жиында “Шот-Аман Уәлихан. Шығармашылық мұра” атты жаңа еңбектің тұсауы кесілді. Сиясы кеуіп үлгермеген 7 томдық туынды дарынды тұлғаның шығармашылығынан сыр шертеді.

БАЯН УӘЛИХАНОВА, Шота-Аман Уәлихановтың қызы
– Бұл 7 томдықта әкемнің мақалалары, сұхбаттары мен сөздері бар. Кітапқа оның қоғамдық қызметі, өлеңдері мен жүргізген тарихи зерттеулері де енгізілді. Бұл еңбекті жарыққа шығару үшін ауқымды жұмыс атқарылды. Әкемнің өміріне толық зерттеу жүргізу арқылы оның шығармашылығына деген құрметім одан сайын арта түсті. Әзірге, тираж саны шамалы.

Жиын соңында өңірдің тумасы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Серік Негімовке білім-ғылым саласына қосқан еңбегі үшін облыстың Құрметті азаматы атағы берілді.

Алдияр Айтпаев