Білім

Жазғы мектептердің жұмысы

Петропавлда екінші жыл қатарынан ұйымдастырылған жазғы мектептердің жұмысы қалай жүріп жатыр? Балаларға қандай жағдай жасалған? Осы сұрақтарға жауап алу мақсатында Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясына бас сұқтық.

Дәл қазір мына кабинетте ағылшын тілі пәнінен сабақ өтіп жатыр. Шет тілінің ұстазы Гүлзада Азықанова жуырда 5-ші сыныпты тәмамдаған оқушыларға түсінбеген тақырыптарын қайтадан баяндап жатыр. Алайда, сабақтың өту тәртібі бұл жолы өзгеше.

ГҮЛЗАДА АЗЫҚАНОВА, Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының ағылшын тілі пәні мұғалімі
– Жалпы, жұмыс барысы танымдық бағытқа бағытталған. Рөлдік ойындар, қызықты сұрақтар, жазушыларға қатысты көптеген мәліметтер беріледі. Балалардың қызығушылығын арттыру мақсатында әр сабақты көңілді өткізуге тырысамыз. Сабақ барысында бала өз ойын айта алатындай және сөздік қорын жетілдіру үшін түрлі презентациялар мен бейнероликтер әзірлеймін.

Зарина Ғалеева биыл 6-сыныпқа көшті. Қылықты қыз жазғы демалысқа шыққанымен демалуға асықпапты. Ол жазғы мектепте үлгерімін арттыруға ниет танытқан.

ЗАРИНА ҒАЛЕЕВА, Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының оқушысы:
қаз: – Негізінен, жазғы мектеп бізге түсінбеген тақырыптарды кеңінен түсінуге мүмкіндік береді. Жазғы мектептің ерекшелігі – біз сабақты ойындар арқылы өткіземіз.  Бүгін ағылшын пәнінде ертегілер жайлы сөйлестік және қойылым қойдық. Мен жазғы мектепке өткен жылы да қатыстым.

Ал мына кабинетте 8-ші сынып оқушылары физика пәнін оқып жатыр. Араларында Төрегелді Хамит те бар. Жасөспірімге 4-ші тоқсанда денсаулығына байланысты сабақты жиі босатуына тура келген. Сол себепті, жаңа тақырыптарды тағы бір мәрте шолып шығу қажет дейді.

ТӨРЕГЕЛДІ ХАМИТ, Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының оқушысы:
– Менің таңдаған пәндерім, физика, алгебра, геометрия, ағылшын және информатика.  Қазір мұнда – физика пәні. Біз мұнда электр тізбегін зерттеп жатырмыз.

Акт залында да қызықты іс-шара өтіп жатыр. Халықаралық балаларды қорғау күніне орай бастауыш сынып мұғалімдері шәкірттеріне арнап концерт ұйымдастырған.

Интершум

Жалпы, Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясындағы оқушы саны мыңнан асады. Соның жартысынан астамы жазғы мектепке жазылған.

АЗАМАТ ЕСІЛБАЕВ, Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясы директорының орынбасары:
– Жазғы мектептің мақсаты – пандемия кезінде түсінбей қалған тақырыптарды түсіндіру, олқылықтарды жою. Сонымен қатар, балалардың қызғушылығын арттыру мақсатында сабақтардан бөлек сауықтыру іс-шаралары өтеді.

Жазғы мектептегі сабақтар таңғы 9-дан түскі 1-ге дейін болады. Әр сабақ 40 минуттан. Балаларға баға қойылмайды, үйге тапсырма берілмейді.

Дана Ешкенова