МТРА жаңалықтары

СҚО-да скутер мінген ер адам жол-көлік апатында қаза тапты

Мамлют ауданында скутер мінген 38 жастағы ер адам жол-көлік апатында қаза тапты. Оқиға «Челябі-Новосбірі» тасжолында Покровка ауылының тұсында болды.
«Honda» маркалы скутерді тізгіндеген Мамлютка қаласының тұрғыны артында келе жатқан «Mitsubishi» көлігінің астына түскен. Екінші көлікті 50 жастағы ресейлік азамат басқарған.

Ақан Еркебұланов – Мамлют ауданы ПБ аға тергеушісі
– 38 жастағы тұрғыны алған дене жарақаттарынан оқиға орнында қаза тапты. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Бүгінгі күні қылмыстық іс бойынша барлық қажетті сараптамалар тағайындалды.

Бұл – облыста биыл скутердің қатысуымен болған үшінші жол-көлік оқиғасы. Бұған дейін оқыс жағдай Петропавл қаласы мен Тайынша ауданында болған.

Баян Байғаскина – СҚО ПД ЖПҚБ аға инспекторы
Аталған жол-көлік оқиғалары техникалық талаптарға сәйкес тіркелуге жатпайтын скутер және мопедтердің қатысуымен орын алды. Бұл көлік құралдарын жүргізуге болады, бірақ жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажет. Жол қозғалысы ережелерін сақтамау қайғылы оқиғаға әкеліп соқтыруы мүмкін.

Қазір полицейлер профилактикалық шараларды жиі өткізіп жатыр. Жүргізушілерге тиісті ережелерді еске салуда. Айта кетейік, скутер тізгіндеу үшін емтихан тапсыру міндеттелмеген. Бірақ, жол жүру қағидаларын қатаң сақтау қажет.

Алдияр Айтпаев