МТРА жаңалықтары

«Контрафакт» акциясы аясында өткен сурет байқауы қорытындыланды

Контрафакт. Жуырда өңірде осындай атаумен өткен республикалық акция аясында балалар арасында сурет байқауы ұйымдастырылды. Мамырдың 3-і мен 20-сы аралығын қамтыған шараға 10 мен 14 жастағы жеткіншектер қатысты.

Айдос Тоғызбаев – облыстық әділет департаментінің басшысы
– Іс-шараға облыстың барша аудандарынан оқушылар қатысты. Бұл іс-шара әрі қарай жалғасады деген ойдамыз. Жалпы, контрафактілік өніммен күресу – әр азаматтың міндеті. Себебі, ол тек қана өнімге емес, азық-түлікке байланысы бар. Ең бастысы, мемлекетіміздің тауар өндірушілері мен қолданушыларының денсаулығына зиян келтірмеу.

Байқауға қатысқан балалардың саны 100-ден асады. Жүздің ішінен озып шыққаны – Тайынша ауданындағы Алабота орта мектебінің оқушысы Елдос Жангелді. 12 жастағы жеткіншек сурет салғанды жақсы көреді. Бірнеше байқаудың жүлдегері. Жас туындысында бала еңбегін қорғау турасында өз ойын бейнелеген.

Елдос Жангелді – байқау жеңімпазы
–  Кей елдерде контрафактіні балалардың еңбегін қолданып, танымал брендтер мен суреттің көшірмесін пайдалана отырып жасайды.  Көптеген деректерді оқып осындай ой келді. Бала кезімнен суретпен айналысамын.

Жеңімпазға грамота мен самокат табыс етілді. Елдос Жангелдінің осы суреті келесі кезең – республикалық байқауға жолданды.

Самал Жунусова