МТРА жаңалықтары

Новомихайловка ауылдық округіне жаңа әкім сайланды

Мамлют ауданындағы Новомихайловка селосында маңызды саяси науқан өтті. Кеше солтүстікқазақстандықтар жаңа ауылдық округ әкімін сайлады. Елді мекенді басқару тізгініне 3 атқамінер кандидат ретінде ұсынылған.  Үміткерлердің екеуі осы ауданда туып-өскен. Оларды жергілікті тұрғындар жақсы танитын көрінеді. Сол себепті, жұртшылық таң сәріден таңдау жасау үшін сайлау учаскесіне келіп жатыр.

Ольга Потолова, Новомихайловка ауылдық қоғамдық кеңесінің төрайымы, Мамлют ауданы:

– Ауылда қордаланып қалған мәселелер көп. Солардың бірі орталықтандырылған су желісін қосу жөнінде. Біз ұзақ уақыттан бері сапалы ауызсуға қол жеткізе алмай келеміз. Абаттандыру жұмыстарын да жандандырған жөн. Сонымен қатар, бөбекжайды күрделі жөндеуден өткізу қажет. Жаңа әкім осы мәселелерді шешеді деп үміттенеміз.

Маңызды науқан ауылдық округке қарасты 5 елді мекенде өткізіліп жатыр. Сайлау таңғы 7-ден басталды. Округ орталығы Новомихайловканың өзінде 1 сағатта 90-нан аса адам өз таңдауын жасады. Тұрғындардың бір ғана тілегі – ауылға лайықты және адал қызмет ете алатын азаматты таңдау.

БЛИЦ:
– Жаңа әкім ауылдың жағдайын жақсартады деп үміттенемін. Алдағы уақытта оған көкейіміздегі сұрақтарды жеткіземіз.
–  Кандидаттар ауылға келіп, тұрғындарға сайлауалды бағдарламаларын түсіндерген болатын. Жоспарлары көңілімнен шықты.

Кешке дейін жалғасқан сайлау науқаны өз мәресіне жетті. Көпшілік 42 жастағы Рамиль Батырбаев есімді азаматқа дауыс берді. Атқамінерге Новомихайловка, Бексейіт, Меңгесер, Токаревка және Қатанай ауылдарының әлеуметтік және экономикалық дамуы сеніп тапсырылды. Таңдау жасауға жалпы саны 1262 адам қатысты. 800-ден астамы Рамиль Батырбаевқа дауыс берген.

Бердимурат Баймухан