МТРА жаңалықтары

Петропавлда қайырымдылық аукционы өтті

Петропавлда қайырымдылық аукционы өтті. Жомарт жандардың басын біріктірген іс-шара қаладағы жануарлар үйіне қаржы жинау мақсатында ұйымдастырылды. Оған жергілікті белді кәсіпкерлер қатысты.
Қалталы азаматтардың арасында Андрей Исаков та бар. Жергілікті жұртқа жақсы мәлім, ол былтыр Қазақстандағы алғашқы жануарлар үйін ашты. Бірақ, бүгінгі кешке бизнесмен қонақ ретінде шақырылыпты. Яғни, аукционға көппен бірге қатыспақ.

АНДРЕЙ ИСАКОВ, кәсіпкер:
– Бүгін түрлі лоттар ұсынылады. Сатылымнан түскен қаражаттың барлығы қаңғыбас жануарларды асырау мен емдеуге аударылмақ. Біз осындай қайырымдылық іспен 15 жылдан астам уақыт бойы айналысып жүрміз. Қазір спортшылардың формасы мен жабдықтары, түрлі көркем суреттер сатылымға шығарылады.

Бұндай қайырымдылық кеш Петропавлда бірінші рет өткізіліп отыр. Іс-шараның ұйымдастырушысы – “SFERO” бизнес-клубы.

ОЛЕСЯ ПОЛИЩУК, қайырымдылық аукционын ұйымдастырушы:
– Біздің ұйымға биыл 1 жыл толады. Бұл – біз өткізіп жатқан ең ауқымды іс-шаралардың алғашқысы ғана. Басты мақсаттарымыздың бірі – қаламыздың кәсіпкерлерін осындай қайырымды істерге тарту.

Сонымен аукцион басталды. Ең бірінші сатылымға қойылған дүние – “Құлагер” хоккей клубының логотипі белгіленген мойынорағыш. Оның алғашқы құны – 5 мың теңге. Баға минут сайын еселеп өсті. Соңында 35 мың теңгеге Надежда Еднерал есімді кәсіпкерге бұйырды.

НАДЕЖДА ЕДНЕРАЛ, кәсіпкер:
– Бұл қайырымдылық кеш бізге осындай іс-шараларды жиі ұйымдастыруға серпін береді деп ойлаймын. Жалпы, төртаяқты достарымызға көмек көрсетіп отыру қажет. Өз басым ай сайын табысымның бір бөлігін қайырымдылыққа бөлемін. Бұл біздің азаматтық парызымыз деп ойлаймын.

Қайырымдылық шарасында имек таяқ, “Қызылжар” футбол клубының жейдесі, доптар да сатылды. Ең басты лоттың бірі Андрей Исаковтың 2 сағаттық бизнес-курсы болды. Ол 500 мың теңгеге сатылды. Енді қорытындыға келейік. Аукционның қорытындысы бойынша 1 жарым млн теңгеден аса қаржы жиналды. Алдағы уақытта қаламызда мұндай іс-шара тағы өтпек.