МТРА жаңалықтары

Өңірде есірткіге қарсы профилактикалық айлық басталды

Өңірде есірткіге қарсы профилактикалық айлық бастау алды. Осыған орай облыстық әкімдікте СҚУ колледжі студенттерінің қатысуымен жиын өтті. Бұл тақырып қазір жастар арасында өзекті. Өйткені, осыдан 10 жыл бұрын наша саудалайтындардың жасы 25 пен 40-тың аралығын құраса, қазір 25-тен аспайды екен.

ЖАНДОС БАСЫБАЕВ, СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы:
– Жыл артқан сайын нашақорлық жасарып келеді. Бүгінде есірткі бизнесі әлеуметтік желілерде кең етек жайған. Пысықайлар көбінесе кәмелетке толмағандарды алдап, манипуляция жасап, өз істеріне тартады.

Ал Алдияр Сағынов – нашақорлықпен күресіп жүрген жастардың бірі. 16 жастағы студент психотроптық заттардың таралуына қарсы өткізілген іс-шараларға қатысқан екен.

АЛДИЯР САҒЫНОВ, СҚУ колледжінің студенті:
– Бұл іс-шара пайдалы болды. Есірткіге қатысты көптеген мәселелер қаралды. Менің ойымша, қазіргі таңда нашақорлық, заңсыз бизнес өте өзекті. Мұндайға жол бермеу қажет. Балалар кішкентайынан спортпен айналысып, зиянды заттардан алыс жүрулері тиіс.

Өңірлік полиция департаментінде осыған ұқсас профилактикалық іс-шаралар “Дүниежүзілік нашақорлыққа қарсы күрес күніне” дейін, яғни 26 маусымға дейін өткізілмек.

ЖАНДОС БАСЫБАЕВ, СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы:
– Бүгіннен бастап мемлекеттік органдар түрлі конкурстар мен іс-шаралар өткізеді. Олар: денсаулық сақтау, ПД, дене шынықтыру және спорт басқармасы, ішкі саясат басқармасы. Осы айлықтың соңында қорытынды шығарылады. Конкурс жеңімпаздары марапатталады.

Жалпы, жыл басынан бері өңірде есірткіге қатысты 90 заңбұзушылық тіркелген. Заңсыз айналымнан алынған зиянды заттың көлемі 18 келіден асып жығылады.

Самал Жунусова