Спорт

Мемлекеттік қызметшілер арасында спартакиада басталды

23-ші маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні. Атаулы дата қарсаңында Петропавлда облыстық спартакиада бастау алды. Дәстүрлі жарыста мамандар тоғызқұмалақ, шахмат сынды интелектуалды ойындармен қатар, шағын футбол, бильярд, воллейбол, қазақ күресі мен жүзуден сынға түсуде. Соңғылары биыл тұңғыш рет бағдарламаға қосылыпты.

ЕРКІН ЖАҚСЫЛЫҚОВ, ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының басшысы:
-Біздің мамандар сайыстың әділ өтуін қадағалайды. Қатысушының міндетті түрде мемлекеттік қызметші болуы тексеріледі. Спартакиаданың ашылу салтанаты бүгін болып жатқанымен, іріктеу ойындары кеше өткізілді. Қазір воллейбол мен шағын футболдан шешуші ойындар өтеді.

Биылғы додада 31 команда бақ сынайды. Ал қатысушылардың саны 500-ге жуықтайды. Бөгенбай Жұрынтаев – Ақжар ауданы әкімінің орынбасары. Білікті маман бүгін тоғызқұмалақтан сынға түсуде. Былтыр жүлдегерлер қатарынан көрінген азамат ұлттық ойынның бұл түрі
адамның ойлау қабілетін дамытады дейді.

БӨГЕНБАЙ ЖҰРЫНТАЕВ, спартакиадаға қатысушы, Ақжар ауданы:
– Мемлекеттік қызметшілер арасындағы жарыс кеше басталып кетті. Қызықты өтуде. Әріптестерімізбен танысып жатырмыз. Сайыс жылына бір өтеді. Жұмыстан бір сергіп, жаңа қарқынмен жұмыс істеуге көмектеседі. Мұндай серпілістер өте маңызды.

Мемлекеттік қызметшілер арасындағы спартакиада 28-ші мамыр күні мәресіне жетеді. Үздіктерді марапат күтіп тұр.

Бердимурат Баймухан