МТРА жаңалықтары

СҚО-да тағы бір ауылда өзгеше учаскелік полиция пункті ашылды

Мамлют ауданына қарасты Краснознаменный ауылдық округіне 3 елді мекен кіреді. Олар: Калугино, Беловка мен Краснознаменное ауылдары. Жергілікті жердегі қоғамдық тәртіпті 2 жылдан бері Бақытжан Смайылов есімді азамат қадағалап келеді. Қазақстан полициясының 30 жылдығы қарсаңында маманға жаңа қызметтік үй берілді. Бір ерекшелігі – баспанамен бір шатырдың астына жұмыс істейтін кеңсесі де бірге соғылған екен.

БАҚЫТЖАН СМАЙЫЛОВ, Мамлют ауданы полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы:

 

 –Менде округте үш ауыл бар. Беловка ең алыста, одан жақындау Калугино, ортада Краснознаменный ауылы орналасқан. Шақыртулар болса, барамыз, тексереміз. Тиісті шараларды қабылдаймыз.

Жаңа учаскелік полиция пункті Краснознаменное ауылында орналасқан. Үйдің жалпы аумағы 100 шаршы метрді құрайды. Ал кеңсесінің іші жұмысқа қажетті компьютерлік техника және өзге де құрал-жабдықтармен қамтылған. Осындай ерекше қосындар Мамлют ауданындағы өзге де елді мекендерде қолданысқа тапсырылды. Жаңашылдық тәртіп сақшыларына сервистік жұмыс моделіне көшуге септеседі. Сондай-ақ, халықпен тығыз қарым-қатынас орнатып, азаматтардың өтініштерін жылдам қарастыруға мүмкіндік береді.

АЙДЫН ҚАБДҰЛДИНОВ, СҚО ПД бастығы:

 

Осы учаскелік полиция пунктін ашқалы бері полиция қызметкеріміз 24 сағат бойы осы орында, өз мекенжайында болады. Азаматтарға оған келіп, арыздануына болады. Ал біздің қызметкер тез арада оларға жауап беріп, тиісті шешім қабылдай алады.

Сондай-ақ, учаскелік полицей Бақытжан Смайыловқа жаңа қызметтік автокөліктің кілті табыс етілді.

Бердимурат Баймухан