МТРА жаңалықтары

Облыстық қоғамдық кеңестің отырысы өтті

Облыстық қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Алқалы жиында аққайыңдар өлкесінде “Рухани жаңғыру” бағдарламасының жүзеге асырылуы және өңір жастарын жұмыспен қамту мәселелері қаралды.

Облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Алқалы жиында бірнеше мәселе қаралды. Алғашқысы – “Рухани жаңғыру” бағдарламасының аққайыңдар өлкесінде жүзеге асырылуы. Бұл жайында ішкі саясат басқармасының басшысы баяндама жасады. Кемел Оспановтың сөзінше, қазіргі уақытта өңірімізде осыдан 5 жыл бұрын қолға алынған бастаманың 20-ға тарта жобасы сәтті іске асырылуда.

КЕМЕЛ ОСПАНОВ, СҚО ішкі саясат басқармасының басшысы:

-Қазіргі уақытта бағдарламаның 17 арнайы жобасы іске асырылуда. Олардың арасында “Туған жер”, “Қасиетті Қазақстан”, “100 жаңа оқулық”, “Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет” жобаларын атап өтуге болады. Жаңа болмыс пен әлемде орын алған өзгерістерді ескере отырып, бағдарлама шеңберінде арнайы жобалар іске асырылуда.

Әр жобаның өзіндік мән-маңызы бар. Қазіргі таңда әрқайсысы бойынша түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр.

КЕМЕЛ ОСПАНОВ, СҚО ішкі саясат басқармасының басшысы:

– “Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық” жобасы аясында 23 іс-шара өткізіліп, 1782 адам қамтылды. 2021 жылдың 25 ақпанында “Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық” жобасы бойынша Қозыбаев университетінің кітапханасында кітаптардың 5-ші траншы таныстырылды.

Жиында қаралған екінші мәселе – өңір жастарын еңбекпен қамту. Ендігі айларда жалынды қыз-жігіттердің бір бөлігі оқу орындарын тәмамдайды. Қолдарына диплом алған жандар жұмысқа тұрып, ел игілігі үшін тер төгуі қажет. Осы орайда аз-кем статистикамен бөлісейік. Былтыр облыстағы колледждерден 3300-ден астам жас түлеп ұшқан екен. Соның 2400-ге жуығы екі қолға бір күрек тауыпты. Қызметке қабылдану бойынша “Тауартанушы” мамандардың көрсеткіші 100 пайызды құрайды.

ВЛАДИМИР ТКАЧЕНКО, СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:

– Статистикаға зер салсақ, дизайнерлердің жұмысқа тұру көрсеткіші төмен екенін байқаймыз. Былтырғы түлектердің 29 пайызы ғана еңбекпен қамтылған. Сонымен қатар, техник бағдарламашы, жол инспекторларының да пайыздық үлесі жоғары емес. Осы мәселені шешу бойынша қазір колледждерде тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр.

Мемлекет жастарға маман иесі атануға да жәрдемдеседі. Қазір елімізде жұмыссыз жүрген жандарды тегін кәсіптік оқыту жүргізіліп жатыр. Биыл мұндай мүмкіндікті 500 жерлесіміз пайдалана алады. Тағы кәсіп бастаймын деген азаматтарға да қолдау көрсетіледі.

Ринат Елжасов, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Биыл бизнес-жоспарларын жүзеге асыруға ниетті жандарға 338 грант беру жоспарланып отыр. Бөлінетін қаражаттың сомасы 430 млн теңгені құрайды. Жыл басынан бері мұндай мүмкіндікті 30 жас азамат пайдаланды.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:


– Облыстық қоғамдық кеңеске бірнеше аудан әкімінің орынбасары да қатысты. Олар жастарды жұмыспен қамту бойынша жүргізіліп жатқан шаруаны баян етті. Айыртау ауданы басшысының орынбасары Жақсылық Жүсіпов жаңалықпен де бөлісті. Биыл аталған аудандағы Лобаново ауылында жайлы жатақханасы бар жоғары көпсалалы колледж ашылмақ.
Онда жастар 5 түрлі мамандық бойынша білім алады.

Байболат Култанов