МТРА жаңалықтары

Петропавлда білікті кинологтар бас қосты

Кәсіби кинологтар мен иісшіл иттердің жарысы. Петропавлда төрт аяқтылардың тілін тапқан ТЖД-нің қызметкерлері бас қосты. Жарысқа еліміздің 8 аймағынан жиылған 31 маман мен дәл сонша ит қатысты.

ДАНА СӘЛІМҚЫЗЫ, тілші:
-Апорт, маған! Диана – республикамыз бойынша қазақша бұйрықтарды түсінетін жалғыз ит.

Диана бізге Қарағанды қаласынан келген. Жасы – 6-да. Төрт аяқтының өзге иттерден айырмашылығы сол, ол қазақ тілінде берілген бұйрықтарды жақсы түсінеді. Ерасыл Байтеміров ақылды төбетті күшік кезінен асыраған екен. Төрт аяқты серігі 6 жылдың ішінде сенімді ақтады дейді кинолог маман. Түрлі жарыстарға қатысып, сынақтардан сүрінбей өткен. Бүгін де 1-ші сынақты еш қиындықсыз бағындырды.

ЕРАСЫЛ БАЙТЕМІРОВ, кинолог, Қарағанды қаласы:

– 1-ші кезеңнен өттік. Жылда сынақтарды тапсырғаннан кейін еш қиындықсыз өтті. Итке бұйрықтарды қандай тілде берсең сол тілде үйренеді. Сондықтан, мемлекеттік тілде үйретуді жөн көрдім. Қазақша бүкіл пәрмендерді біледі. Шүкір, қазір елімізде барлығы тыныш, алайда төтенше жағдай туындаса, Диана өз жұмысын 100 пайызға орындайды.

Ал мынау – Павлодар облысынан келген Александра атты ит. 6 жастағы жануарды павлодарлықтар жақсы таниды. 2019 жылы ит құтқарушыларға жоғалып кеткен кішкентай баланы іздеуге көмектесіпті.

ГАЛИНА КУЦЕНКО, кинолог, Павлодар облысы:

– Мен бұл итті күшік кезінен бастап тәрбиелеп жүрмін. Александра бізбен бірге түрлі операцияларға қатысады. Жұмысын жақсы атқарады. Жалпы, қызметтік иттерді тәрбиелеу өте қиын. Ең бастысы, шыдамдылық қажет және жануардың тілін таба білу керек.

Мұндай жарыс бүгін Петропавлдан бөлек, Түркістан облысында да ұйымдастырылды.

ӘСЕТ ЖЫЛҚАЙДАРОВ, Нұр-Сұлтан қаласы, ТЖД басқарма бастығы:

– Осы сынақ 3 кезеңнен тұрады. 1-ші кезең – ептілік, 2-ші кезең – табиғи ортада және 3-ші кезең – техногенді ортада іздестіру, құтқару жұмыстарын орындайды. 1-ші кезеңде ит түрлі бұйрықтарды орындайды. Табиғи орта дегеніміз, төрт аяқтылар ағаштардың арасында іздестіру жұмыстарына қатысады. Техногенді ортада иттер бұзылған үйлер арасынан адамды тауып алуы тиіс.

Жалпы, елдегі төтенше жағдайлар департаменттерінің барлығын қоса алғанда 70 қызметтік ит бар екен. Оның 56-сы тиісті нормаларды тапсыру бойынша емтиханнан сәтті өткен. Яғни, аттестатталған төрт аяқтылар кез келген төтенше жағдай кезінде өз міндетін атқаруға әзір.

Дана Ешкенова