МТРА жаңалықтары

Өңірде ат жарысының жазғы маусымы ашылды

Өңірде ат жарысының жазғы маусымы ашылды. Дәстүрлі іс-шара сенбі күні Бескөлдегі “Құлагер” ипподромында өтті.

ҒАНИ НЫҒЫМЕТОВ, СҚО әкімінің орынбасары

– 2022 жылғы жазғы спорттық маусымның ашылуына арналған ат спорт жарыстары өз бастауын алды. Тәуелсіздік жылдары біздің елімізде, халқымыздың ежелгі дәстүрлерімен бірге ұлттық спорт түрлері де жаңғыра бастады. Оларға қазіргі таңда ерекше назар аударылуда. Спорт түрлері ішінде ұлттық спорт басымдыққа ие. Олар – қазақ халқының рухы. Спортшыларға жоғары нәтижеге қол жеткізіп, лайықты қарсыластық тілеймін. Ат спорт түрлерінің жарыстарын ашық деп жариялаймын.

Өңірімізде өткізіліп жатқан додаға еліміздің түкпір-түкпірінен келісті жылқылар әкелінді. Жалпы, бүгін жарыс жолына 40-тан астам тұлпар шықпақ.

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:

– Дүбірлі доданы ұшқыр бәйге ашады. Кейін жарыс кұнан бәйге мен жорға жарысқа ұласып, соңы аламанмен аяқталмақ. Жалпы, бүгін “Құлагер” ипподромында тұлпар тұяғын тоздырар 7 сайыс өтпек.

Көзді ашып-жұмғанша дәстүрлі іс-шараның негізгі бөлігі де басталып кетті. Қазір шабандоздар Ұшқыр бәйгеге, яғни 1800 метрге ат шаптыруда. Жігерлі жігіттермен иық тірестіріп Қайникамал Сәдуақасова да бүгін топқа түсті. Алғашында көпшілікпен бірге бір қатарда шапқан бұрымды мәре сызығына азғантай жер қалған кезде аттың басын толық жіберіп, қарсыластарын бірінен соң бірін артта қалдыра бастады. Осылайша шабандоздарды шаң қаптырған Қайникамал Классик-Дрим атты жануармен жеңіске жетті.

Белгілі болғандай, бұл – Қайникамалдың бірінші бәйгесі және алғашқы жеңісі.

ҚАЙНИКАМАЛ СӘДУАҚАСОВА, жарысқа қатысушы, Ақжар ауданы:

– Алғашқы жарысым болғаннан кейін бе қиын болды. Мұндай нәтижеге қол жеткіземін деп те ойламадым. Бірақ, қазір өте қатты қуанып тұрмын. Бүгін топ бәйгеде де өз бағымды сынап көремін. Жалпы, бұл спорт түрімен айналысып жүргеніме 4 жыл болды.

Тартысты сайыстардың куәгері болуға келген жерлестеріміздің бүгін қарасы қалың.

Бүгін ұлттық және ат спорт түрлері бойынша облыстық балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің тәрбиеленушілері де сынға түсті. Жастар 800 метрге ат шаптырулары тиіс еді. Алайда, жарыс жолындағы тартыс бұл аралықты еңсергеннен кейін басталды. Мәре сызығын кескен шабандоздар аттарының жылдамдығын одан сайын арттырып, бір-біріне қарсылық танытты. Бәйге десе делебезі қозған жалынды жастарды төрешілер әзер тоқтатты. Көптің көңілінен шыққан бұл жарыста Жарқынбек Ускен жеңіске жетті.

ЖАРҚЫНБЕК УСКЕН, жарысқа қатысушы:

– Атқа 6-шы сыныптан бері мінемін. Өзім үйде ат баптаймын. Қуаныштымын. Басында ең соңында келе жаттым. Содан кейін атқа қамшы беріп, алдына шықтым. Бұдан да жоғары нәтижелерге қол жеткіземін.

Кейіннен шабандоздар арбамен тұлпар тізгіндеп, аламанға ат шаптырды. Айта кету қажет, бұл жарыста оза шапқан шабандоздар мен жоғары нәтиже көрсеткен спортшыларға медаль, грамоталар мен ақшалай сыйлықтар берілді.

Алдияр Айтпаев