Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Уәлиханов ауданында жұмыс сапарымен болды

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Уәлиханов ауданында жұмыс сапарымен болды. Мұнда өңір жетекшісі ең алдымен Кішкенекөл ауылында тұрғындармен кездесу өткізді. Баяндама жасалды. Аймақ басшысы жиналған жұртқа биыл көптен күткен жолдардың жөнделетінін жеткізді.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Уәлиханов ауданында соңғы 5 жылда жолдарды жөндеуге 1 млрд теңге қаражат жұмсалды. Оның үштен бірі Кішкенекөл ауылының ішкі жолдарын жөндеуге бағытталды. Биыл аудан орталығында 6,5 шақырым жолды жөндеуге 169 млн теңге қажет. Биыл Қулыкөл ауылының ішкі жолдарын жөндеуге 50 млн теңге қарастырылған.

Облыс орталығынан ең шалғай орналасқан аудан тұрғындары үшін Петропавл бағытындағы жолдың жөнделгені игі. Мұны өңір басшылығы ескерді. Биыл Кішкенекөл мен Дәуіт елді мекені арасындағы 57 шақырым жолды қалыпқа келтіру басталмақ.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұл – өте күрделі жоба. Бұны қайта қалыпқа келтіру немесе күрделі жөндеу деп айтуға болады. Себебі, әр шақырымға 400 млн теңгеге дейін қаржы бағытталмақ. Бұл жоба орындалып, Кішкенекөлге дейін жақсы жол болады.

Жұмыс келесі жылы да жалғасады. 2023-те “Өндіріс-Жұмысшы-Мырзагүл” және “Көктерек-Тоспа-Жасқайрат-Қайрат” ауылдарын жалғайтын 80 шақырымнан астам трасса қалыпқа келтірілмек. Жол жөндеу – уақытты әрі қаржыны талап ететін шаруа. Бірден түгел ауданды қамту мүмкін емес. “Ақырын жүріп, анық бас” дегендей, Құмар Ақсақалов істі біртіндеп тындырамыз деді. Баяндамасында облыс әкімі су тарту, ұялы байланыс пен интернет мәселесіне де тоқталды.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Уәлиханов ауданында ұялы байланыс пен интернет мәселесі өзекті болып келді. Соңғы екі жылда 15 ауылға ұялы байланыс орнатылып, тұрғындар интернетке қол жеткізді. Қазір 27 ауылдың 19-ында байланыс бар. 2022-2023 жылдары Жасқайрат, Карашілік, Тлеусай ауылдарында мобильді байланыс орнату жоспарланған.

Баяндама тыңдалып болған соң, кезек сұрақ-жауапқа келді. Облыс әкімін асыға күткен ағайынды сан түрлі мәселе толғандырады. Проблеманың бірі – аудандық ауруханада босану бөлімшесінің жоқтығы. Қазір жүкті нәзікжандылар таяқ тастам жердегі медициналық мекемеге емес, жүздеген шақырымды артқа тастап, Петропавлға баруға мәжбүр екен. Ал сағаттап жол жүру болашақ аналарға ауыр тиері айдан анық.

МҰХАММЕД-ҚАНАПИЯ МҰСАЙБЕКОВ, Кішкенекөл ауылының тұрғыны, Уәлиханов ауданы:

– Биыл қыстыгүні Қайрат ауылында тұратын жүкті әйел Петропавлға жеткізілді. Петропавлда босанды. Оны баласымен келесі күні шығарыпты. Сосын жолда көлік ұстап, 400 шақырым жердегі Қызылтуға келген. Әрі қарай Қайратқа кететін машина болмады. Біздің үйде 2 күн жатты.

Ақыры қақаған қыста жас ана “Нива” көлігімен үйіне жетіпті. Ауданда босану бөлімшесі жоқ емес, бар. Бұл мәселеге маман тапшылығы тікелей себепші екен.

Қайрат ПІШЕНБАЕВ, Уәлиханов ауданының әкімі:

– Анестезиолог-реаниматолог жоқ. Біздің бас дәрігер Ақтөбеге, Маңғыстауға, Қарағандыға, Нұр-Сұлтанға барып, келіссөз жүргізіп жатыр. Біздің ауданға келемін деген жас мамандар екінші жартыжылдықта келеді.

Келген мамандар жайлы баспанамен қамтылып, көтермеақы алулары тиіс. Облыс әкімі осыны және өңірді дамытудың кешенді жоспары аясында ауданда жаңа емхана салу жоспарда бар екенін тілге тиек етті. Қазір құрылысқа қаржы бөлу мәселесі қарастырылып жатқан көрінеді. Кездесуден кейін Құмар Ақсақалов азаматтарды қабылдау өткізді.

Байболат Култанов