МТРА жаңалықтары

Әлеуметтік кәсіпкерлер қатары толықты

Петропавлда халықтың осал топтарына арналған тігін және пішуге оқыту орталығы ашылды. Алдағы уақытта мұнда білікті мамандар дайындалмақ.
Ісмерлердің басы қосылған нысанның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов қатысты.

ҒАНИ НЫҒЫМЕТОВ, СҚО әкімінің орынбасары:

– Біздің облысымызда тағы бір әлеуметтік кәсіпкер өз ісін ашып, басқаларға да мүмкіндік жасап отыр. Біздің қоғамымызда әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған жандар бар. Олар үшін жағдай жасау – тек қана кәсіпкерлердің емес, биліктің де мақсаты. Өңірімізде сондай 3 әлеуметтік кәсіпкер бар. Біз оларды қолдаймыз.

Орталықты Әлфия Жукенова ашып отыр. Нәзікжанды алдағы уақытта мұнда 2-ші және 3-ші дәрежедегі тігіншілер әзірлеп, оларды жұмыспен қамтуды көздеп отыр. Бұл ісін азаматша маусым айынан бастамақ.

Әлфия Жукенова, әлеуметтік кәсіпкер:

– Цехта біз сөмке, киім мен түрлі бұйымдарды тігу мен пішуді үйретеміз.
Кәсіпкерлер палатасына тиісті тізілімге оқу орталығы ретінде енгізу туралы өтініш білдірдім. Сондай-ақ, жұмыспен қамту орталығына жұмыс орнында оқыту бойынша өтініш жаздым. Яғни, алдағы уақытта тігін тігіп, сол салада жұмыс істегісі келетін жандарды маған бағыттап отырады.

Нәзікжандының осындай орталық ашуына кәсіпкер әрі тележүргізуші Динара Сәтжанның шеберлік сағаты демеу болған. Шеберлік сағатына наурыз айында Әлфия араға екі ай салып өз ісін ашты. Оны жетістігімен құттықтауға Динара Сәтжан арнайы келген.

ДИНАРА СӘТЖАН, кәсіпкер, танымал тележүргізуші:

– Мүмкіндігі шектеулі, әлеуметтік тұрғыда осал топқа жататын жандар үйде қол қусырып отыра алмайды, олар еңбекке құмар. Осындай азаматтарды жұмыспен қамтуда бұл – құптарлық бастама.

Жиын барысында Ғани Нығыметов облыс әкімінің атынан Динара Сәтжанға әлеуметтік кәсіпкерліктің дамуына қосып жүрген үлесі үшін Құрмет грамотасын табыстады.

Алдияр Айтпаев