МТРА жаңалықтары

Өңірде интернет-алаяқтық тыйылмай тұр

Бұл – алаяқтың Петропавл қаласының тұрғынымен тілдесу барысында айтқаны. Жәбірленушілердің бірі қудың дауысын жазып үлгеріпті. Сыпайы әңгімелеседі, арнайы терминдерді де қолданады. Алғаш сөйлескенде кез келген адам телефонның ар жағындағы жанды банк қызметкері екен деп ойлап қалуы мүмкін. Қазір осы жазба қоғамдық орындарда ойнатылып жатыр. Полицейлер оны алаяқтықтың алдын алу мақсатында жұртшылыққа тыңдатуда.

Жандос Мұқатов, қалалық ПБ бастығы:

-Интернет-алаяқтық бүгінгі таңда өршіп бара жатыр. Жағдай оңай емес. Алдын алу шараларын жүргізіп жатырмыз. Екінші деңгейлі банктердің кредит беретін бөлімдеріне барып, алаяқтық жайлы адамдарға кеңес беруді, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұсындық.

Полиция қызметкерлері еріктілермен бірлесіп банктерге бекерден-бекер барған жоқ. Қазір кейбір жандар жылы-жылы сөйлеген бөтен біреуге кредит алып беріп, сан соғып қалып жатыр. Статистика көрсеткендей, олардың арасында алаяқтың іс-әрекетін біле тұра алданып қалып жатқандар көп.

Жандос Мұқатов, қалалық ПБ бастығы:
– Әр түрлі санаттағы адамдар интернет-алаяқтардың құрығына түсіп жатады. Көбісі – жоғары білімді азаматтар. Олар: зауыт жұмысшылары, ұстаздар, зейнеткерлер. Сондықтан, біз осындай алдын алу іс-шарасын көпшілікке шығып, өткізіп отырмыз. 

Жыл басынан бері өңірде интернет-алаяқтықтың 309 фактісі тіркелді.

Дана Ешкенова