Аптадағы маңызды жаңалықтар

Мемлекеттік сатып алуды жетілдіру шаралары туралы

ОПИСАНИЕ:

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде мемлекеттік сатып алуды жетілдіру шаралары туралы айтылды. Негізгі спикер ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл болды. Ол саладағы жаңашылдықтарға жіті тоқталды.

ТЕКСТ:

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

-Ақша жүрген жерде алаяқтық та жүреді. Бұл пікірмен біреу келіседі, біреу келіспейді. Келісетіндер мынандай ой айтады: пысықайлар түрлі айла-тәсілдерге барып, көбінесе мемлекеттік сатып алулар арқылы үкіметтен қарастырылған қомақты қаржыға қол жеткізеді. Сөздерінің жаны бар сыңайлы. Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингіде еліміздің қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл ұйымдастырылатын конкурстар жемқорлық фактілеріне бейім екенін мәлімдеді.

Мемлекеттік сатып алу саласындағы сыбайлас жемқорлық дегенде ойға ең бірінші келетіні – тамыр-таныстық. Екі жеп биге шығуды көздейтін кейбірлер аға-көкенің, жора-жолдастың кабинетін жағалап, арқасын қағуы, артынша бір байып қалуы мүмкін. Бұлай сөйлеуімізге “бір көзден қаржыландыру” деген ұғым себеп. Аты айтып тұрғандай, ақша тек белгілі бір адамдар арасында жүреді. Уақыт өткен сайын бұған шектеу қойылуда. Қолға алынған шаралардың нәтижесінде елімізде келісім көрсеткіші соңғы 5 жылдың ішінде 69-дан 39 пайызға дейін қысқарыпты. Әлі де төмендеу орын алмақ.

ДӘУРЕН КЕҢБЕЙІЛ, ҚР қаржы вице-министрі:

– Бір көзден сатып алудың 6 негіздемесін заңнан алып тастадық. Биыл 4 негіздемені заңнан алып тастауға ұсыныс бердік. Осы жылы бір көзден сатып алу көрсеткіші 20 пайызға дейін түседі деп отырмыз.

Көрсеткіштің төмендеуіне биыл пайда болған есеп те әсер етпек. Оны тек бір көзден сатып алушы толтыратын болады. Қазынаның қаржысы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпесі үшін министрлік талапты күшейтуге мықтап кіріскен сыңайлы.

ДӘУРЕН КЕҢБЕЙІЛ, ҚР қаржы вице-министрі:

– Адам бір көзден сатып алатын болса, веб-порталға арнайы есеп жасайды. Есебінде неге бір көзден сатып алғанын көрсетеді. Сонымен қатар, есепке тапсырыс берушінің бірінші басшысы қол қояды. Осылайша, өзіне жауапкершілік алады.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Министрлік мемлекеттік сатып алуларды жеңіл әрі тез өткізу бағытында да жұмыс жүргізіп жатыр. Биылдан бастап отандастарымыз негіздемелік келісімдер бойынша өтініш бере алатын болады. Бұл – конкурстың жаңа түрі.

ДӘУРЕН КЕҢБЕЙІЛ, ҚР қаржы вице-министрі:

– Негіздемелік келісімдер аясында мемлекеттік сатып алу үрдісі тез жүргізіледі. Қазір орташа есеппен сатып алу ісі 2 айға дейін созылады. Енді конкурс 30 күнге созылмақ. Ескерерлік жайт, негіздемелік келісімдер кеңсе тауарларын, жанар-жағармай сынды стандартты дүниелерді сатып алу кезінде қолданылады. Істің бастапқы кезеңінде өздерін жақсы қырынан көрсеткен жеткізушілер іріктелетін болады.

Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейілдің сөзінше, негіздемелік келісімдер шілденің 1-і күні қолданысқа енгізілмек.

Байболат Култанов