МТРА жаңалықтары

Облыста тамақ өнімдерінің өндірісі 7%-ға өсті

БЕРДІМҰРАТ БАЙМҰҚАН, тілші:

– Үстіміздегі жылдың қаңтар-сәуірінде облыстағы ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі – 9 пайызға, халықты баспанамен қамту – 7,8, құрылыс жұмыстары – 3,6 және өнеркәсіп өндірісі 2,3 пайызға өсіпті. Бұл – жалпы көрсеткіш. Ал енді аталған салалардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, кішігірім шолу жасайық. Облыстық статистика департаменті мамандарының сөзінше өсім негізгі капиталға құйылған инвестиция есебінен болды.

Қаңтар-сәуір айларында аққайыңдар өлкесіне құйылған инвестиция көлемі 65,6 млрд теңгені құрады. Қаржының тең жартысына жуығы ауыл, орман және балық шаруашылығына бағытталған. Соның есебінен биыл өңірдегі ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі мен тамақ өнімдерінің өндірісі артыпты.

БЕРДІМҰРАТ БАЙМҰҚАН, тілші:

– 2022 жылы аймақтағы ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 56 млрд теңгеден асып түскен. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 9 пайызға көп. Сонда биыл жергілікті шауралар 29 мың тонна мал мен құс етін, 136 мың тонна сүт және 214 млн-ға жуық тауық жұмыртқасын сатқан. Бұл өз кезегінде азық-түлік өндірісінің көлемін 7 пайызға арттыруға септесті.

Осылайша жыл басынан бері аймақта тамақ өнімдерінің өндірісі, соның ішінде жарма – 2,4 есеге, ұн – 33,8 пайызға, ет – 24, ірімшік пен сүзбе – 14,3 және макарон өнімі 6,8 пайызға артыпты.

ДАНИЯР ИМАНБАЕВ, ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

– 2022 жылғы қаңтар-сәуірде бөлшек сауда көлемі 83,9 млрд теңгені құрады. Бөлшек сауданың жалпы көлеміндегі азық-түлік тауарларының үлесі – 44,6%-ды, азық-түлік емес тауарлар 55,4%-ды құрады. Көтерме сауда көлемі 135,1 млрд теңгені құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 14,2 млрд теңгені құрады.

Сөз соңында өңірдің шетелдер арасындағы алыс-берісі жайлы тоқтала кетейік. Биыл Солтүстік Қазақстан облысы Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен 117,5 млн АҚШ долларына сауда-саттық жасапты. Көрсеткіш өткен жылдың сәйкес мерзімінен 10,5 пайызға көп. Соның ішінде экспорт көлемі биыл 6,3 пайызға кеміген, ал импорт 14 пайызға артыпты.

Бердимурат Баймухан