МТРА жаңалықтары

“AMANAT” ПАРТИЯСЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІ ХАЛЫҚҚА КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ӨЗГЕРІСТЕРДІ ТҮСІНДІРУДЕ

Дана Сәлімқызы , тілші:

– Қазақстан Республикасының Конституциясы 9 тараудан 98 баптан тұрады. Алдағы уақытта оның 30-дан астамына өзгертулер мен толықтырулар енгізіледі және Ата заңға жаңадан 2 бап қосылады. Осы орайда “AMANAT” партиясының мүшелерінен тұратын топ түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Бұл жолы аманаттықтар облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдерімен кездесіп, Конституцияның үштен бір бөлігі толығымен жаңаратынын айтты. Келешектегі өзгерістердің бірі құқық қорғау саласына қатысты. Атап айтсақ, елімізде Конституциялық сот құрылмақ. Бұл жүйе азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау тетігіне айналмақ.

СӘУЛЕ СҰРАҒАНОВА, облыстық мәслихаттың депутаты:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында құқық қорғау институттарын күшейту бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Солардың ішінде ең бастысы – Конституциялық сот құру. Жаңадан құрылатын органға кез келген азамат жүгіне алады. Аталған жаңа сотқа жеткен мәселе бірден қаралып, шешім шығарылады. Сондай-ақ, Конституциялық сотта шығарылған шешім міндетті түрде орындалады”.

Мәслихаттардың ықпалын барынша күшейту үшін облыс әкімдерін тағайындау тәртібі өзгереді. Қазіргі таңда мәслихат депутаттары Мемлекет басшысы ұсынатын бір ғана кандидатураға қолдау білдіреді немесе білдірмейді. Осыған орай Қасым-Жомарт Тоқаев Президентке облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың әкімі лауазымына балама негізде кемінде екі кандидат ұсыну құқығын регламенттейтін заңнамаға өзгертулер енгізу қажеттігін айтты. Енді бұл норма Ата заңда бекітілмек.

ЕЛЕНА ЛЕВИНА, облыстық мәслихаттың депутаты:

– Осылайша, Президент мәслихаттағылардың пікірін ескере отырып, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерін тағайындайды. Бұл өңір басшылары жанама сайлау арқылы қызметке келеді дегенді білдіреді”.

Сондай-ақ, қазіргі Конституцияға сәйкес жердің меншік иесі – мемлекет. Алайда, бұл заңға да өзгерістер енгізілмек. Жаңа реформа аясында жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар, өзге де ресурстар халыққа тиесілі болмақ. Яғни, алдағы болатын бүкілхалықтық референдум Президент ұсынған “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасының іс жүзіндегі айқын көрінісі болмақ. Сондықтан, маусымның 5-сі күні өтетін маңызды саяси іс-шараға біркісідей ат салысу қажет дейді облыстық мәслихат депутаттары.

Дана Ешкенова