МТРА жаңалықтары

СҚО ПД МУЗЕЙІНІҢ КӨШПЕЛІ КӨРМЕСІ ОБЛЫСТЫҚ МУЗЕЙДЕ ҚАНАТ ЖАЙДЫ

Биыл Қазақстан полициясына 30 жыл толып отыр. Осыған орай облыстық тарихи-өлкетану музейінде полиция департаменті музейінің көшпелі көрмесі қанат жайды.

Ведомстволық мұражайды әуелде белсенді мамандар ашқан. 33 жыл бұрын құрылған ұйымға полиция ардагері Любовь Осинская жетекшілік етеді. Айтуынша, қазіргі таңда музейде 4 мыңға жуық жәдігер бар.

ЛЮБОВЬ ОСИНСКАЯ, СҚО ПД музейінің меңгерушісі:


– Музейдің 30 жылдығында қорда 3 мыңға жуық экспонат болды, ал бүгінде 4 мыңға жуық жәдігер сақтаулы тұр. Бізге ардагерлер өздерінің жеке заттарын, марапаттарын, киім-кешектерін, Құрмет грамоталарын әкеп тапсырады. Сонымен қатар, тәртіп сақшыларына қатысты мәлімет қорын зерттеп, құнды дегенін жинақтап қоямыз.

Көрмеде жергілікті ішкі істер органдарының қалыптасу тарихынан сыр шертетін суреттер, фотоматериалдар ұсынылған. Мысалы, мына бұрышта 22 жыл ішінде мұражайға келген құрметті қонақтардың фотосуреттері топтастырылыпты.

СӘУЛЕ АНДАҒҰЛОВА, СҚО ПД бастығының орынбасары:


Петропавлда алғашқы полицей 182 жыл бұрын, яғни 1840 жылы пайда болған. Ал Петропавл полиция басқармасы 1868 жылдан бастап жұмыс істеген. Осы экспонаттардың барлығы көрмеге келген қонақтарға қызықты болады деп ойлаймын.

Жалпы, көрме шамамен мамыр айының соңына дейін жалғасады.

Самал Жунусова