ТЖ

СҚО-ДА ЖЫЛ БАСЫНЫН БЕРІ 250 ӨРТ ТІРКЕЛДІ

Мереке күндері облыста 36 өрт оқиғасы болды. 4 күннің бірінде петропавлдық отбасы ақау шыққан тоңазытқыштың кесірінен үйлерінен айрылды. Тілсіз жау Н.Назарбаев көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінде бас көтерді. 5-ші қабатта тұратын отбасы мүшелерін үйіне келген туысы кетерде сырттарынан жауып кетіпті. Шығайын десе есік құлыптаулы, өрт сөндірушілер келгенше 3 адам балконда амалдаған. Тұрғындардың өздері аман, пәтердің сау-тамтығы қалмаған.

Олжас Жүніс, СҚО ТЖД басқармасының бастығы:
– 9-мамыр күні бізге Н.Назарбаев көшесіндегі 121-ші үйде өрт болып жатқандығы бірден бірнеше хабар келіп түсті. Тез арада құтқарушыларды сонда жібердік. 3 адам құтқарылды. Оның біреуі – бір жастағы бала.

Дәл сол күні Қапай ықшам ауданында белгісіз адам қамыс жандырған. Қатты соққан желдің салдарынан тілсіз жау тұрғын үйлерге тарап кеткен. Оны өрт сөндірушілер бірден ауыздықтай алмапты. От 173 шаршы метр аумақты шарпыды. Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ. Құтқарушылардың сөзінше, немқұрайлылық кезекті мәрте сан соқтырып отыр.

Әзімхан Мерғасимов, қалалық ТЖБ бастығының міндетін атқарушы:
– Жыл басынан бері Петропавлда 76 өрт оқиғасы және 186 шөпті жағу фактісі тіркелді. Құрғақ шөпті жаққаны үшін 13 жеке тұлғаға 245 мың теңге айыппұл салынды. Ал заңды тұлғаларға салынған айыппұлдың көлемі 918 мың теңгеден асып жығылады.

Ал өңірде жыл басынан бері 250 өрт оқиғасы орын алған. Қызыл жалын 24 адамның өмірін жалмапты.

Самал Жунусова