МәдениетСпорт

Петровка ауылының тұсында ұлттық өнер ұлықталды

Петровка ауылының тұсында ұлттық өнер ұлықталды. Аққайың мен Мағжан Жұмабаев және Есіл ауданының жігіттері көкпардан мықтыны анықтады.

Алаңдағы тартыс әне-міне дегенше басталып та кетті. Бүгін жігіттер жеке-жеке күш сынауда. Яғни, серкені тақымына мықтап қысқан шабандозға топтастары бүгін еш көмек бере алмайды. Қазандыққа өз күшімен жетіп, салым салуы керек. Көптің ішінде “Ұшқын” атты келісті жануарды ауыздықтап Бірлік ауылының тұрғыны Ерзат Орнықбай да жүр.

Ерзат Орнықбай, жарысқа қатысушы, Есіл ауданы:

– Ата-бабамызда жалғасқан өзіміздің ұлттық ойын болғандықтан соны жалғастырып келе жатырмыз. Жеңіске деген ұмтылыс күшті. Бұйырса жеңеміз деп үміттенеміз.

Баласы атқа шапса, анасы үйде отырып тақымын қысады демекші, көкпар десе тек ат жалын тартып мінген жігіттердің ғана емес кез келген қазақтың делебезі қозып, шабандоздар үшін жанкүйер болады. Бүгінгі дүбірлі думанды да тамашалап отырған жандардың қарасы қалың.

Қазандыққа келіп, әр салым салған көкпаршыға 10 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық берілді. Бұдан кейін Петровкада бәйге ұйымдастырылды. 8 шабандоз 5 шақырымға ат шаптырды. Жеңімпазға 70 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық берілді.

Алдияр Айтпаев