Ауыл шаруашылығы

Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін жанар-жағармаймен қамтамасыз ету

Байболат Бектемірұлы:

– Жақын арада еліміздің негізгі астық өсіруші өңірлерінде көктемгі дала жұмыстары бастау алады. Қазір жер емген шаруалар алқаптарды дайындап, техникаларын жөндеп, тұқым мен жанар-жағармай сатып алуда. Соңғысы диқандарға мұнай өңдеуші зауыттардан тікелей сатылады. Бүгінгі күнге дейін жоспарланған көлемнің жартысынан астамы саудаланыпты. Мұны Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингі барысында Қазақстан Республикасының энергетика вице-министрі Әсет Мағауов мәлім етті.

Әсет Мағауов, ҚР энергетика вице-министрі:

– Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау және көктемгі дала жұмыстарын уақытылы және тұрақты жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің атына 400 мың тонна дизель отыны бөлінеді. Нақтырақ айтсақ, осы жылдың ақпан-сәуір айлары аралығында 231 мың тонна жөнелтілді. Осылайша, осы айларға арналған жоспар 92 пайызға орындалды.

Байболат Бектемірұлы:

– Енді баға мәселесіне көшейік. Дизель отыны мұнай өңдеуші зауыттардан шаруаларға тікелей сатылғандықтан бағасы кәдімгі жанар-жағармай бекеттеріндегіден төмен. Тиісті статистиканы Әсет Мағауов мырза тілге тиек етсін.

Әсет Мағауов, ҚР энергетика вице-министрі:

– Көктемгі егіс жұмыстарына арналған дизель отынының бағасы мұнай өңдеу зауыттарында тоннасы 212 мың теңгені құрайды. Литрге шаққанда 176 теңге. Өңірлерге дейін жеткізуді және сақтауды ескере отырып, ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін болжамды баға бөлшек сауда бағасынан орташа 15-30 пайызға төмен болу керек. 2019 жылмен салыстырғанда баға өсімі 8,4 пайызды құрайды немесе жылдық өсімі 3 пайыздан аспайды.

Байболат Бектемірұлы:

– 14 минутқа созылған брифинг барысында тілшілерден бірнеше сұрақ түсті. Дөңгелек үстел басына жайғасқан журналистер де министрге сауалдарын қойды. Соның бірі Солтүстік Қазақстан облысына қатысты болды.

Әйгерім Бәбіш, ”Хабар 24” телеарнасының тілшісі:

– Солтүстік Қазақстан облысының диқандары егіс жұмыстары үшін дизель отынының әр литрін 210 теңгеден сатып алуда. Ал аққайыңдар өлкесі – астық өсіруші негізгі өңір. Неге мұндай айырмашылық байқалады?

Әсет Мағауов, ҚР энергетика вице-министр:

– Өнімді өңірге жеткізу және арнайы орында сақтау қажет. Бұған қосымша қаржы жұмсалады. Міне, осы себепті шеткері орналасқан облыстарда баға жоғары. Бірақ, зауыттардан диқандарға тікелей жіберілетін сұйықтықтың сомасы жанар-жағармай бекетіндегі отыннан әжептәуір арзан.

Байболат Бектемірұлы:

– Шаруаларға бөлінген дизель отыны жетпей қалуы мүмкін бе? Журналистер осындай да сұрақ қойды. Әсет Мағауов: “Жоспарланған көлем маусымдық іске жетеді, алаңдауға еш себеп жоқ”,- деді. Сөз соңында аққайыңдар өлкесіне қатысты дерекпен бөлісейік. Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаевтың сөзінше, өңірде көктемгі дала жұмыстары алдағы бірер күнде бастау алады.

Байболат Култанов